Желтоқсанда 6 күн демаламыз

Қазақстандықтар биылғы желтоқсанда 6 күн демалады.
Қазақстандықтар биылғы желтоқсанда 6 күн демалады.

Қазақстандықтар биылғы желтоқсанда 6 күн демалады. Себебі, Қазақстан  халқы осы айда бірқатар мемлекеттік және ұлттық мерекелерді атап өтпек.

Оның біріншісі – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесі. Екіншісі Ұлттық мейрам – Тәуелсіздік күні.
Қазақстанда Тұңғыш Президент күні болып белгіленген желтоқсанның 1-ін биыл алғаш рет тойламақпыз. Бұл күнді Парламент былтыр мерекелер тізіміне қосқан болатын. Естеріңізде болса, Президент сайлауы алғаш рет Қазақстанда 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен.

Ал биылғы жылдың 1 желтоқсаны сенбі күніне тура келіп тұр. Біздегі мерекелер туралы Заңның 5-бабында айтылғандай мереке демалыс күндеріне сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс болып белгіленеді. Осылайша желтоқсанның 1-і күнгі мереке орнына 3-і күні демалатын боламыз. Яғни, жұмыс аптасы 5 күн болып белгіленген ұжымдарда 1,2,3 күндері, алты күндік жұмыс режиміндегілер 1 мен 2-і күндері демалады.

Сондай-ақ, мерекелер туралы Заңға сәйкес елімізде Тәуелсіздік мерекесі екі күн тойланады. «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 16-17 желтоқсанда аталып өтеді» делінген Заңның 2-бабында.

Биыл 16 желтоқсан жексенбіге сәйкес келіп тұр. Сондықтан да бұл демалыс күні 18 желтоқсанға ауыстырылады. Сонда ұлттық мерекеде 16,17,18 желтоқсан күндері демалыс беріледі.