23 қараша күні Жол полициясы қызметінің құрылғанына 20 жыл толды. Қуаныш иелері мерейлі мерекені атап өтуді ұмыт қалдырмапты.
Жылдың төрт мезгілінде жолдың бойын күзету оңай емес. Қызығы мен шыжығы мол істегі жол сақшыларының ерен еңбегі атап өтерлік. Оңтүстікте 20 жылдың ішінде 6 полицей қызмет барысында көз жұмған.
Істің ауыр да, жауапты екенін ардагер жол сақшылары да жете түсінеді. Қалада көлік көп, әрі оған желмен жарысқан желөкпелерді қосыңыз. Облыстық жол полициясы басқармасының бастығы Артықбек Жаппаровтың айтуынша, жуырда болып өткен аттестациядан соң жол сақшысы сапында өз ісіне жауапты азаматтар ғана қалды деген сенім бар. Ардагер жол сақшысы Қайролла Мейірбеков болса, қазіргі қызметкерлердің еңбегі марапатқа әбден лайық деген пікірде. «Бұрынғы полицейлердің жұмысы ауыр деуге болмайды, өйткені ол уақытта көлік аз еді ғой. Бірақ қиыны, ол уақытта инспекторлардың көлігі болмайтын, мотоциклмен жүретін. Жол сақшылары күннің суығына, ыстығына, жаңбырына, қарына, тіпті, аязына да қарамайды», — дейді ардагер жол сақшысы.
Айта кетейік, қазір облыста 500-ге жуық жол сақшысы бар. Олар тек қозғалыс ережесін сақтап қана қоймай, насихаттау, үгіттеу жұмыстарын білуге міндетті. Бүгінгінің полицейі заманауи техникаларды да игеруі тиіс екен.
Ғалымжан ЕСІМОВ, ОҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары: «Шындығында, отбасым мені «квартирант» дейді. Мен үйде 4-5 сағат қана ұйықтаймын. Содан кейін жұмысқа қайта келемін. Осыдан-ақ жол сақшыларының жұмысы қандай екенін аңғарған шығарсыздар. Яғни, күні-түні жұмыстамыз. Сол себепті, ішкі істер органдарында ертерек зейнеткерлікке шығарады».