Абай ауданына қарасты Ақтас ауылының тұрғындары 2013 жылды майшаммен қарсы алмақ. Бұл елдімекеннің жұрты үшін таза ауызсу — таңсық ұғым. Ал көгілдір отынға қол жеткізу дегеніңіз орындалмас арманға айналғандай. Күлмеңіз, ақтастықтардың осындай жабайы жағдайда өмір сүріп жатқанына биыл 6 жыл.
Гүлназ ТОҚМАМБЕТОВА, ауыл тұрғыны: «Әкімдіктен келгендер бізге мұнда неге келдіңдер? Жер учаскесін берсе болды ма, келе бересіңдер ме дейді. Сонда кімнің сөзіне сенуіміз керек. Бастапқыда бізге осында қоныстана беріңдер. Кейін бәрі жақсы болады деп еді ғой. Сол уәде етілген 2006-2007 жылдан бері өтірік сөзден тойып біттік. Арамызда мүгедек жандар бар. Олар суды қалай тасиды? Балалар ше? Қазір қызым қараңғыда сабақ оқығаннан көзім ауырып жүр деп мазасы болмай жүр».
Ал Абай аудандық әкімдігінің мамандары бұл проблемадан хабардар. Тіпті, алғашқыда тұрғындар көшіп келгенде барі де жақсы болады деп сол кездегі әкімнің өзі уәде берген. Алайда, нәтиже жоқ. Ал қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі хабарлағандай, жер учаскесі бар тұрғындар бірінші кезең бойынша коммуналды қызметтерге қосылған. Ал бұл азаматтар кейіннен көшіп келген тұрғындар. Сондықтан олар келесі кезеңді күтуі шарт дейді бөлім маманы Нұрлан Жаманкөз.