Бүгінгі ұрпақ бейбіт заманның қадірін түсінсеекен

Желтоқсаншылар
Желтоқсаншылар
Желтоқсаншылар

1986  жылдың ызғарлы желтоқсаны. Алматы. Орталық алаң. Тәуелсіздікті аңсаған қазақтың өрімдей жастары. Олар — Алматыға арман қуып, білім іздеп, жұмыс тапсам деген қыз-жігіттер еді. Олардың арасында оңтүстіктің жастары да болды. Бірі- студент, енді бірі- жұмысшы. Сол көптің ішінде жігері жасымай, елінің болашағы үшін үн қосқан  18-19 жасар аға әпкелердің бейнесін бүгінде Шымкеттегі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайынан көруге болады.

Ал қаламыздағы Абай атындағы орталық кітапханада олардың бірқатарымен ерекше кездесу өтті. Тәуелсіздік жолында бас көтеріп, Желтоқсан көтерісілісіне қатысқандар бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның студенттері ортасында. Іс-шара қанды оқиғаның куәсіндей болған «Желтоқсан желі» әнімен басталды.

Кітапханадағы оңтүстік тумаларымен кездесу
Кітапханадағы оңтүстік тумаларымен кездесу

Кітапхана ұжымы желтоқсаншылар Сәбит Исабеков, Мұрат Шекербеков, Майра Илеуова сынды боздақтармен жыл сайын студенттерді жүздестіруді дәстүрге айналдырған. Ондағы мақсат —  жас ұрпақ ел тарихын білсе, тәуелсіздік таңының оңай атпағанын білсе дегені.

«Ондағы жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені онда адам айтқысыз озбырлық, қантөгіс орын алды. Бейбіт жолмен тек өзге адамның билік басына келуін талап еткен қазақ жастарын ұрып-соқты. Қыздарының шаштарын жұлды. Әлі бүгінге дейін көптеген шындық ашылмай келеді. Барлығы мұрағатта жатыр. мен ақиқиттың ашылатынына сенемін»,-дейді Майра Илеуова. Майра апай ол кезде техникумда оқитын он тоғыз жасар студент болған екен. Қаншама қиындықты бастан кешірген оның бүгінгі жастар бейбіт заманның қадірін түсінсе екен деген тілегі де жоқ емес.

Бейбіт заманның бақытты ұландары желтоқсаншылардың әңгімелерін ұйып тыңдады. Өздерін толғандырған сұрақтарға жауаптар алды. Сонымен қатар өлең жырларын арнады.

Үміт ақталды, арман орындалды. Тәуелсіздік әкелген таң баянды болсын деген ерлік иелерінің тілегі бір. «Енді ондай күнді қазақ елінің басына бермесін!»