Қалалық балалар және жасөспірім орталығында кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жылдық мереке өтті. Еңбекші ауданының әкімшілігі ұйымдастырған шараға 300-ге жуық оқуда озат, жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар қатысты. Аяз ата мен Қарша қыз, түрлі ертегі кейіпкерлері балдырғандардың көңілін көтеріп, шыршалы кештің қызықты өтуіне ат салысты.
«Жаңа жыл жаңа бастаманың бастауы. Түрлі сыйлықтар күтетін мереке. Әсіресе кішкентай бүлдіршіндер. Сондықтан біз оларға әрқашан қуаныш сыйлауға дайынбыз. Бүгін оларға тәттілер сыйлап, көңіл-күйін көтергіміз келді», — дейді Еңбекші ауданының әкімі Әлімжан Құртаев.
Бүлдіршіндер бұл күні түрлі байқауларға қатысып, шыршаны айнала би биледі. Ән салды. Ал мерекелік кештің соңында олар аудан әкімінің қолынан сыйлықтар алып, мәз-мейрам болып тарқасты.