Заман өзгеріп, жұрттың бәрі нарықтық қатынасқа бейімделе бастаған соңғы оншақты жылда мал бағуды ар санап, оны табыс көзі деп санамайтындардың қатары сиреп келеді. Жеке кәсіппен айналысу, өз бетінше әрекет етіп, нан табу көптің қаперіне кірсе де үлкен істі бастауға келгенде жүрегі дауаламай жатады. Десек те мал асырап, оны көбейтіп, дәулетін арттыруға бел буған қандастарымыз баршылық.
Өткен жұмада Түлкібас ауданына қарасты Мыңбай ауылына бір топ журналистермен барып қайтқанбыз. Барғандағы мақсат «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы болып табылатын «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен Ислам Даму банкінің бірігіп жүзеге асырып жатқан шағын несиелеу бағдарламасы аясында бірінші болып қаржыландырылған жобамен танысу болатын. Аядай ғана ауылда тіршілік етіп жатқан халықтың негізгі табыс көзі ауылшаруашылығы екен. Соның ішінде малшаруашылығы. Түлкібас ауданы негізінен мал бағуға өте қолайлы аймақ болып саналады. Шөбі шүйгін, жері құнарлы. Осыны тиімді пайдалануды көздеген ауыл тұрғыны Айтмұқан Тілеуішов «Сәтті» деп аталатын несиелік бағдарлама бойынша елімізде алғаш боп 4 жылға 2 млн теңге көлемінде несие алып, 11 бас сиыр сатып алыпты. Қора-қопсысы мен жем-шөбін несие алмас бұрын дайындап қойса керек. Өтініш берген уақыттан бастап несие алушының мүмкіндігін саралаған банк қызметкерлері ақырында өтінішті қанағаттандырып, сұраған ақшасын беріп, тіпті сиырларды сатып алуға да жәрдемдесіпті.
Бұған дейін жылқы бордақылаумен айналысып келген Айтмұқан шаруаның жас та болса малдың ебін таба білетін іскер жігіт екені көрініп тұр. Қора-қопсы да жаурауық келетін сиыр малы үшін жылы етіп жасалыпты, бір сөзбен айтқанда талапқа сақадай сай. Несиеге осылайша сиыр алғанына риза екенін байқадық. Айтуынша, жақсы пайда көрейін деп тұр. 11 сиырдың барлығы буаз, енді бір-екі айдың көлемінде туады. Сосын 11 бас 22-ге көбеймек. Небәрі жарты жылдың ішінде бұзаулар ет алып, өсіп шыға келеді, – дейді шаруа. Сосын біраз өсіргеннен кейін базарға шығармақшы немесе еттей сатпақ ойы бар. Осылайша бір-екі жылдың ішінде кеткен шығынды толығымен ақтап аламын, – дейді.
Нармұхан Сарыбаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы
– Аталмыш шағын несиеге қызығушылық танытқан азаматтар болса қазір жер-жерлерде ашылып жатқан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына барып, сол жерде отырған Қор қызметкерлеріне өтініш білдірулеріне мүмкіндіктері бар. Ондай орталықтар болмаған жағдайда аудандық не болмаса қалалық ауыл шаруашылығы бөліміне барып, несие алудың жай-жапсарын сұрауға болады екен.
Одан қалса бұл сиырлар күніне ең кемі 11 литр сүт беретін көрінеді. 11 сиыр күн сайын 11 литрден сүт берсе 120 литр сүт өнімін таяу маңдағы аты Оңтүстік өңірге кеңінен танымал боп кеткен Қарабұлақ ауылының базарына апарып көтерме бағамен сатпақшы. Әр литрін 60-70 теңгеден. Сонда сүттің өзінен күніне 7-8 мың, жылына 2-3 млн теңге таза табыс табады екен. Міне, есеп. Жалпы несиені үстемақысымен қоса есептегенде осы сүтті сатудан түсетін пайдамен-ақ жауып тастауға толық мүмкіндік бар, – дейді Айтмұқан бауырымыз. Ал ертеңгі күні туылатын бұзаулардан түсетін пайда өз алдына бөлек әңгіме. Ол бұзаулар ары кетсе бір-екі жылда үлкен сиырға айналып шыға келеді. Осылайша мал басын көбейтіп, артығын сатып, несиеден де біржола құтылып, отбасын толық асырауға жағдайы жететін болады. Әрине еңбек етсем деп талпынған шаруаның пайдаға кенелуіне әуелі Құдай жәрдемші, сосын базардағы нарыққа байланысты болмақ. Әзірге теңгеміз құнын жоғалтпай, нарық та біршама реттеліп, тұрақталып қалды. Осы себепті де несие алуға тәуекелге барған ұқсайды.
Тәуекел демекші, Мыңбай ауылына бізбен бірге барған «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев бұл несие бағдарламасы арқылы кез келген қазақстандық қорықпастан, тәуекелге бел буып қарыз алуларына болады, – дейді. Ислам Даму Банкінің несие берудегі артықшылықтарына тоқталған ол исламдық несиенің қолжетімділігі мен тиімділігіне деген оң көзқарасымызды қалыптастырғандай болды. Жалпы бұл несиенің артықшылықтарына тоқталып өтпей болмайды.
Аталмыш несиелер ең бірінші кезекте ауылды жердегі қарапайым шаруаларға арналғанын байқауға болады. Бұл несиеге қол жеткізу үшін алатын сомаңызға сай келетін жылжымайтын не жылжымалы мүлкіңізді немесе малдарыңызды кепілдікке қоюыңыз қажет. Сатып алынатын малдың тұрағы яғни қора-қопсысы талапқа сай, жем-шөбі дайын болғаны жөн. Сосын банк сізге несие беруге болады екен деп шешсе 25 мың АҚШ доллары немесе 3,7 млн теңгеге дейінгі мөлшерде несие алуға мүмкіншілігіңіз бар. Ал енді үстемақысына келсек, Ислам Даму банкінің ұстанымына сай үстеме пайыз тек сіздің сатып алған малыңыздан бір жылда түсетін пайдасының 9,5%-ын ғана құрайды. Мәселен, жоғарыда несие алған Айтмұқан шаруа 4 жылда алған несиесіне небәрі 450 мың теңге үстеме қосып беретінін айтты. Сонда есептеп қарасақ 9,5%-дан түсіп отыр. Келісімшарттағы уақытта несиені төлеп бітсеңіз бәрінен құтыласыз. Сосын қайтадан ала беруіңізге болады. Егер сатып алған малыңыздан пайда түспесе негізгі қарызды ғана өтеуіңіз мүмкін. Бірақ шаруаны бастағаннан кейін кімнің болса да пайдасыз жұмыс істегісі келмейтіні бесенеден белгілі емес пе? Сол себепті де бұл несиелік бағдарлама халыққа әлі өзінің тиімділігін жақсы жағынан танытатын түрі бар.
«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Н.Сарыбаевтың айтуынша, осы «Сәтті» бағдарламасы бойынша Қорға шағын несие алу жөнінде 19 өтініш келіп түсіпті. Оның ішінде 7,7 млн теңгеге 4 өтініш мақұлданып, қалған жобалар қарастырылу үстінде екен. Жалпы бұл пилоттық жоба еліміздің 3 облысында Павлодар, Ақтөбе және осы Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана жүзеге асырылған болса керек. Келесі жылдан бастап еліміздің өзге де облыстарында осы бағдарлама бойынша шағын несиелендіру жұмыстары жүргізілмекші.
Басқарма төрағасы журналистерге берген сұхбатында Ислам Даму банкі 2009 жылы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорына» жеңілдікпен 10 млн АҚШ доллары көлемінде ұзақ мерзімді қарыз беруді көздегенін айтты. 2009-2011 жылдары бұл қаржыны тарату механизмдерін талқылау және өзара ынтымақтастық меморандумын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілген көрінеді. Өткен жылдың маусымында Астанада өткен VII Бүкіләлемдік Ислам Экономикалық Форумы аясында Қор мен Ислам Даму банкі арасында қарыз беру туралы келісімшарттар жасалып, ол бойынша Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорында исламдық қаржыландыру әдістемесі енгізіліп, исламдық қаржыландыру қағидаларына сәйкестендірілген «Сәтті» шағын несиелеу бағдарламасы әзірленіпті. Қор қызметкерлері осы бойынша арнайы оқытылыпты да.
Шынын айту керек, бүгінде халықтың несиелік ұйымдарға деген көзқарасы екі түрлі. Біреулер несиеге мүлде жоламау керек дегенге бекіп алса, енді біреулер тәуекелдің жел қайығына мініп, қарызға ақша алып, ісін бастап жатыр. Дегенмен еңбек етсең емерсің деген қағиданы ұстанған қазекем алған ақшасын уақтылы қайтармай жатқан жоқ. Себебі, мемлекетіміз соңғы жылдары ауылшаруашылығымен айналысам дегендерге жан-жақты қолдау көрсетіп, әртүрлі салықтардан босатып, ауылдағы ағайынға барынша жағдай жасап, шаруасын дөңгелетуге септігін тигізуде. Құдайға шүкір, қазақ малсақ халық. Ал мал баққанның қашанда қарны тоқ болары сөзсіз. Ал енді мемлекет қолдау танытып, істің көзін көрсетіп жатса, бәріміз жабылып осы берекелі істің өркен жаюына атсалысқанымыз дұрыс секілді. Себебі, ауылдағы ағайынның жағдайы дұрысталса бүкіл елдің әлеуеті көтерілді дей беріңіз.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ