«НұрОтан» партиясының облыстық филиалында саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Елбасының «Қазақстан-2050″ Стратегиясы жайындағы халыққа жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Ұзақ мерзімге бағытталған бағдарламаның аймақтық деңгейде насихаттау және талдау бойынша атқарылатын жұмыстар айқындалды.»Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Елбасы жолдауындағы басты өзгерістердің бірі — келер жылдан бастап жергілікті әкімдер бұрынғыдай тағайындалмақ. Түрлі деңгейдегі елдімекендердің басшыларын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды.
Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары: «Партия мүшелері жауаптылықты сезінуі тиіс. Міндеттерін жоғары деңгейде орындауы қажет. Жолдаудың әрбір салаға қатысты тұстарын азаматтарға түсіндіріп, оның жергілікті жерлерде орындалуын қатмассыз етуі тиіс».
Жолдауды талқылауға өзге ұлт өкілдері де бір кісідей атсалысуда. Ондай айтылған әлемдегі тұрақсыздық қаупіне тек ынтымағы жарасқан ел ғана төтеп береді деген сөздерді жүрегімізбен қабылдадық дейді олар.
Икрам Хашимжанов, облыстық өзбек мәдени орталығының төрағасы: «Республикада 140 ұлт және 17 конфессия өкілдері тұрады. Қазақстан халықтары ассамблеясының ынтымақтастыққа қосқан үлесі зор.Бүгінде ол достықтың кепілі».
Елбасы ұлттық мүддеге қызмет ету үшін елдің әр азаматы алдымен өзі алға ұмтылуы, білімін арттыруы тиіс деген. Ал жолдауда айтылған 2015 жылдан бастап латын әрпіне біртіндеп өту — заман талабы деп есептейді ұстаздар.
Лесхан СМАНОВ, профессор, педагогикалық ғылымдарының докторы: «Қашықтықта оқыту орталығында бүгінде бір жарым мыңнан астам жастар дәріс алуда. Олардың білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Қазіргі жастардың көзі ашық, жолдауды өзара талдап, насихаттауда».
Жолдауда өздеріне ерекше назар аударылғаны жастарды да қуантып отыр.
Заңғар Үсіпахметов, «НұрОтан» ХДП ОҚОФ «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы: «Жолдауда кәсіпкерлікті қолдау тұстары көңілімнен шықты. Пайызсыз, кепілдіксіз несие беріп, кәсібін дөңгелеткен жастарға қолдау көрсету экономикамыздың дамуына жасалған игі бастама».
Алдағы уақытта жолдауды халық арасында түсіндіру бойынша арнайы топтар құрылмақ. Бұл іс-шарадан үкіметтік емес ұйымдар да шет қалмауы тиіс. Әрбір ұжым алдағы жоспары «Қазақстан — 2050» стратегиясы негізінде әзірлеуі тиіс. Саяси кеңестің бүгінгі қаулысының маңызды тұстары осы.