2006 жылы 4 әкімді сайладық

Мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз. Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық окургтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті

Жазып отырып, ойланып отырмын. «Бәлкім тақырыпты «Әкім сайлауға дайынбыз ба?» деп қою керек пе еді…» дейді бір ойым. Бірақ оның не ойланатыны бар. Айтты-бітті! Сайлау өткізу керек пе? Сайлаймыз. Сайлау қажет.

Есіме «Көксу комедиясы» орала береді. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында осы бір қойылым жарқ етіп қойылды да, жоқ болды. Жоқ қылды ма екен? Кім білсін-ай… Білетінім, комедияның авторы, белгілі қаламгер Мархабат Байғұт. Кәдігулі ауылда әкім сайлаудың қалай өткендігін боямасыз көрсеткен. Ру-руға, ата-атаға бөліну. Көзге күліп, артынша сату, лайықты мен лайықсызды ажырата алмау, парасатты мен парықсызды пайымдай білмеу. Жә, мұны «көркем шығарма, сахналық қойылым» деп соншалықты «серьезно» қабылдай қоймассыз, қадірменді оқырман. Бірақ шынайы өмірде де дәл солай болғанын мойындайтын шығарсыз.

2006 жылы 4 әкімді сайладық
2006 жылы 4 әкімді сайладық

Негізі әкім сайлауда оңтүстік-қазақстандықтардың «опыты» бар. Тәжірибе ретінде 2006 жылы қазанның 20-сы күні Оңтүстікте ерекше сайлау өткен. Арыс, Түлкібас, Мақтарал, Созақ аудандарының әкімдерін сайлаған. «Сайлаған» дегендегі айтпағым, халық емес, жергілікті мәслихат депутаттары сайлаған. Сезіп тұрмын, «Мәслихат депутатын халық сайлады, ал депутат әкімді сайласа несі айып?! Ол халық қалаулысы емес пе?!» дегелі отырсыз. Әрине, даудың түбін қусақ, дауласып Дайрабайдың ала сиырына дейінгі жағдайды тізбектеуге болар. Бірақ мәслихатқа кейбіреулердің (барлығы емес) депутат болып қалай сайланғанын да сіз бен біз жақсы білеміз ғой. Олай болса, «мені сайласаң…» деп ұн таратып, шай беріп, ауыл ақсақалдарын алдына салып түрлі қитұрқы әрекетке барып сайланған депутат әкім таңдауда жаңылысып кетпесіне кепілдік бере аласыз ба? Осы ғой құритын жеріміз. Руға, тамыр-таныстыққа бөлінеміз. Бөлініп-бөлініп болған соң, бөріге жем болмаймыз ба?!

«Көксу комедиясын» жазғанда «білгіштер» «М.Байғұт өзінің баласы сайлауда әкімдікке өтпеген соң жазды» дегенді айтуды да ұмыт қалдырмаған. Міржақыпша «Оян, қазақ!» дегенді санасына сіңіретін пенделер азайған қоғамда айтқаныңнан астар іздейтіндерге ақыл айттың не, айтпадың не…

Айтпақшы, сайлау әдісімен әкім болған төрт ауданның басшысы сол лауазымды орынтақтарында көп отырмады. Әрине, Түлкібас ауданына әкім болған Ерғали Сармановтың жөні бөлек. Денсаулығы сыр берді. Қайтыс болды. Ал қалғандары қайда? Айтайық. Арыс қаласына әкім болып сайланған Серік Тәукебаев көп ұзамай Шығыс Қазақстанға кетті. Мақтаралға әкім болған Омарбай Нұржановты да ұзақ отырғызбадық. «Әкімдік орынтақ әкесінен қалған мұра ма?» деп дау көтердік. Ал Созақ ауданының әкімі… республикаға әйгілі болды. Пара алу үстінде қолға түсіп, қызметінен кетті. Кешегіні қайталап айтып отырғандағы мақсатымыз, сайлау өткізуге сайлана түссек екен дегендік.

Негізі қазаққа сайлау өткізу түк емес. Машықтанып алғанбыз. Түрлі сайлауды бастан өткердік емес пе? Би-болыс сайлаудан бергісінің өзі де жетіп артылады. Өкініштісі сол, соның басым көпшілігінде ата-атаға бөліну белең алыпты. Әрине, қара аспанды төндіре бергіміз жоқ. Әкім сайлаудың тиімділігі сол, келесі сайлауда өте алмай қалмас үшін халыққа жақын болуға, халықтың мұң-мұқтажын шешуге талпынады ғой деп үміттенесің. Жалпы әкімдерді сайлауға да осы мақсат үдесінен барып отырмыз. Естеріңізде болса, жуырда ғана Президент барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген алқалы басқосуда «Халыққа жақындаңдар! Халықтың арқасында күн көріп отырғандарыңды ұмытпаңдар!» деген-ді. Енді, міне, қаншалықты халыққа жақын екендіктерін сайлану арқылы дәлелдеп көрмек.

Дегенмен, әкімдерді депуттардан гөрі халықтың өзі сайлағаны жөн бе дейсің. Депутаттарға сенбегендіктен емес, аз топты сатып алғыштардың барлығынан. Ал бүкіл аудан, ауыл тұрғындарын сатып ала алмас па еді?! Сонда халық өзінің нағыз таңдауын жасар ма еді… Халықтың қамын жер азаматты таңдар ма еді…

Бір қызығы, әкім сайлауға әлі де болса бізге ертерек дейтіндердің басым көпшілігі мемлекеттік қызметте, мәслихат депутаттығында жүргендер екенін несіне жасырайық. Әрине, аты-жөндерін ашық айтқысы жоқ. Яғни өз-өздеріне әлі де болса сенімсіз. Сайлаудың әділ өтетіндігіне күмәнмен қарайды. Солай екен деп, зайырлы қоғам құруды көксеген мемлекетімізде әкім сайлауды кейінге ысыра берудің де реті жоғы анық. Олай болса, бұл жолы әкімдікке лайықты нағыз азаматтардың таңдалуын тағы да мәслихат депутаттарының ұятына салып көрелік.

Айтпақшы…

Әкімдерді сайлаудың қарсаңында «Көксу комедиясын» тағы бір театр сах-насына шығарсақ қой, шіркін. Әсіресе, депутат мырзаларды жинап алдыңғы қатарға отырғызсақ, содан кейінгі қатарға әкім боламын деушілерді отырғызып қойып, тамашалатсақ қой. Ойланар ма еді, дейсің да?!

Ж. ШАЛАБАЕВА