Еліміздегі спорт федерацияларын кімдер басқарып жүргенін білесіз бе, оқырман? Сырттай қарағанда осынау спортты басқару құрылымдарын шенді-шекпенділер шетінен бөлісіп алғандай әсер қалдырады. Ал мұның астарында нендей саясат жатыр? Спорт сарапшылары не дейді?
Жалпы, осы төңіректегі пікірлерді топтастыра келе мынандай түйін жасауға болады. Бұл саясатты қолдайтындар «шенеуніктердің қолы ұзын, проблеманы тез шеше қояды, басқарса басқарсын» дегенді алға тартады. Қарсы топтың пікірі «шымшықты да қасапшы сойсын», спортты спорттың қазанынан қайнап шыққандар ғана басқарса игі еді» дегенге саяды. Қос пайымдаудың қақ ортасында тағы бір «шындықтың үлесі» жатқанын сезу үшін данышпан болудың қажеті жоқ. Нәтиже! Федерацияның басшылық орынтағында кім отырса да жұмыс көрсеткіші көңілден шығып жатса болғаны. Бастысы, спортшы мен жаттықтырушының жайы болып, жүлде қоры қомақтала берсе жетерлік.
Сонымен, кім қай спорт федерациясын басқарады? Солардың әрқайсысының атын атап, түсін түстеп көрейік. Қазақстан бокс федерациясының президенті әрі «Kazenergy» ассоциациясының төрағасы – Тимур Құлыбаев пен Қазақстанның экс-премьер-министрі әрі муай тай федерациясының президенті Кәрім Мәсімов. Қазақстанның экс-премьері, Президент әкімшілігінің қазіргі жетекшісі Кәрім Мәсімов – Қазақстан муай тай федерациясының президенті, Азия муай тай федерациясының төрағасы, әлемдік муай тай федерациясының вице-президенті. Айтқандай, Мәсімов мырза «федерацияны жақсы басқарғаны үшін» 2006 жылы «Муай тайдан Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» деген атаққа ие болғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз де.
2012 жылдың қыркүйек айында Қазақстан хоккей федерациясының төрағасы болып Асқар Мәмин екінші рет сайланды. Енді ол бұл федерацияны 2015 жылға дейін басқарады. Биылғы қыркүйек айында қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстан коньки федерациясының құрметті президенті қызметіне кірісті. Әділет министрі Берік Имашев – қазір бессайыс, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Асқар Сманқұлов – баскетбол, бас прокуратураның аппарат жетекшісі Ұлан Байжанов бадминтон федерациясын басқарады. Атырау облысының жаңа әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов – Қазақстан стол теннисі федерациясының президенті. Ол бұл қызметті мәжілістің вице-спикері болып жүргенде-ақ атқарған екен.
Осылай кете береді…
Айтпақшы, спорт федерациясына президенттікке лайықты азаматты спорт және дене шынықтыру агенттігі немесе сол федерацияның мүшелері сайлайды. Ал олардың жұмысына халық баға береді.
Есбол Жүсіпов, ОҚО №1 спорт мектебі директорының орынбасары
– Жалпы, спорт федерацияларын спорттан хабары бар және қалталы адам басқаруы керек. Үкіметтен аламын дейтін емес керісінше, өзінің қаржылық қоры, корпорациясы бар азамат федерацияны басқарып тұрса ғана нәтиже болады деп есептеймін. Себебі, спортқа қаржы қашан да қажет. Қаржы көп салынған сайын спортшылардың көрсеткіші де жоғарылай береді. Ал шенділердің басқаруына қарсымын. Олар проблеманы оңай шешеді дегенге де келіспеймін. Себебі, бізде Спорт туралы Заң бар. Қандай шара жасалса да осы Заңның шеңберінен шығып кетпеуі керек.
– Федерацияларды, жалпы спорт басқармаларын спорттың «кухнясына» қанық, жетістігін ел білетін спортсмен басқаруы керек. Себебі, олар спорттың қыр-сырын, және спорттың өркендеуі үшін не қажеттігін жақсы біледі деп ойлаймын. Бізде белгілі бокшы М.Ділдабеков басқаратын бокс мектебі бар. Бұл өте жақсы. Мәселен, Мұхтархан өзі басқаратын мектепте оқып жатқан балалардың алаңсыз жаттығуы үшін не қажеттігін өз тәжірибесінен білсе керек. Балаларға қарап отырып, өзінің жас кезіндегісін еріксіз еске түсіреді. Сөйтеді де оларға керек жағдайдың барлығын жасайды. Мен тек шағын мектепті айтып отырмын. Федерация да сол сияқты. Тәжірибелі басқарушыға зәру. Шенеуніктер өз ісімен айналыссын. Спортты басқару оларға қол емес. Себебі, бұл саланың өз жүйесі, механизмі бар, – дейді футбол жанкүйері Құрманғазы Метінұлы.
Ендеше, спорттың «кухнясында» жүрмесек те, спорт түрлерінің бүгінгі көрсеткіштеріне қарап, федерация президенттерінің жұмыстарына баға беріп көрейік.
Біржан ЖАҚЫПОВ, боксшы
– Шенеунік болсын, басқа саладан болсын, ең бастысы әділ басқарса болғаны. Пайданы басты орынға қоймай спортшылардың жағдайын жасап, түрлі жарыстарда емін-еркін күш сынасуына мүмкіндік туғызып отырса дейміз. Спортшыларға бұдан артық ештеңе керек емес.
Мәселен, бұрын мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешіп, шенеунік болып жүрген Қайрат Тұрлыханов қазір тек ауыр атлетика федерациясының президенті қызметін атқарады. Мемлекеттік қызметті қойып тек осы спорт түрін дамыту үшін барын салып жүр. Нәтижесі – олимпиаданың алтын медалдері. Сол сияқты Тимур Құлыбаевтың жұмысы да басқаларға үлгі боларлық.Ол федарация басшылығына отырғалы отандық бокс жандана түсті, – дейді спортшы қауым. Оған да біздің боксшыларымыздың қазіргі көрсеткіштері дәлел бола алады. Ал Әділбек Жақсыбековтің футбол федерациясының халі нешік екенін көріп отырмыз.
Әйтпесе, отандық футболға деген мемлекет қамқорлығында шек жоқ. Шетелден бапкерлер де келіп жатыр, «Оле Бразилл» бағдарламасы аясында футболшыларды «футболы мықты» деген шет мемлекеттерде оқыту мәселесінің де жолға қойылғанына да биыл бесінші жыл. Нәтиже жоқ. Бәлкім, отандық футболдың қарыштап дамуына қолбайлау болып тұрған басқа да жәйттер баршылық шығар. Алайда, бастыққа баға беру үшін жұмыстың көрсеткішіне үңілуді – заңдылық деп түсінеміз. Сол сияқты Серік Үмбетов басқаратын көгал хоккейінің де «мазасы» жоқ. Асқар Мәминнің хоккейі де қауқарсыз. Нұртай Әбіқаев жетекшілік ететін волейбол федерациясының жұмысы да көңіл көншіте қоймайды. Волейболдан Қазақстанның құрамасына тіпті Азия ішіндегі жарыстардан да жеңіс бұйырмайды. Асқар Сманқұлов басқаратын баскетболдың да «бабы» болмай тұр. Баскетбол құрамамыздың әлемдік арена былай тұрсын, кішігірім жарыстарға қатыса алмай жүргенін спортшы қауым жыр қып айтады бүгінде. Ал Болат Өтемұратовтің ісі өзгелерге өнеге. Өзі бас болып, шетелден теннисшілер әкеліп, осы спорт түрін түлетіп отыр.
Жалпы, спорт бүгінде мемлекет ұстанып отырған басты бағыттардың біріне айналған. Отандық спорттың алға өрлеуі – Елбасының тікелей назарында. Бұл үлкен мүмкіндік. Ал соны пайдаланып, істі әрі қарай жүргізу сайып келгенде федерация президентінің міндеті.
Мақпал РЫСБАЕВА