Мүгедектердің спорты «мүгедек» болып қалмауы тиіс

мүгедектер әкім-қаралардың есігін қағуға мәжбүр
мүгедектер әкім-қаралардың есігін қағуға мәжбүр
мүгедектер әкім-қаралардың есігін қағуға мәжбүр

Үлкен спортта шекара жоқ екендігіне бүгінде көзіміз жетіп отыр. Жарымжан жандар да спорттан өз сыбағаларын алуға ұмтылуда. Ұлттың қуаты бұқаралық спортпен өлшенетін кезеңде мүгедек жандарға қаншалықты көңіл бөлінуде? Спорттық тарихы том-том кітапқа жүк болатын өңірімізде мүгедектер спортының даму барысы қалай?

Рас, әлемдегі халқы қуатты, даму жолына түскен іргелі мемлекеттермен тек спорттық имиджімізбен ғана бәсекелесе алмақпыз. Әрбір спорт түрі өзінше отау тігіп, қарқынды даму үстінде. Дене-бітімінде кемістігі бар жандар да үлкен спорттың қызығы мен шыжығынан қалыс қалмақ емес. Сарғайған тарих беттерін парақтар болсақ, мүгедек спортшылар арасындағы ғаламдық ойындар 1960 жылдан бастау алатындығына көз жеткізесіз. Қазақстандық спортшылар 1996 жылдан бері Паралимпиада ойындарына қатысып келеді. Бәсі биік доданың жыл сайын деңгейі өсіп жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Мәселен, биылғы Лондон ойындарына әлемнің 165 елінен 4 мың 200 спортшы қатысса, 20 спорт түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынған. Ақсүйектер еліндегі аламанда 7 отандасымыздың бәсекеге түскендігін айта кетейік. Бірақ, әзірге қазақстандық спортшылар олимпиада ойындарынан құр қол қайтып жүр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облысымызда сең бұзылған еді. 2007 жылы кешенді мамандандырылған спорт мектебі халық игілігіне беріліп, өңіріміздегі «өмірге құштар» жандарды қанатының астына алған. Қонақжайлылығымызға сай, 17 спорт түрін серік еткен 500-ге жуық спортшы бір шаңырақтың астында емін-еркін жаттығу жасайды екен. Мектеп директоры Мұззравша-Жахангер Абылаевтың айтуына қарағанда, мүгедек спортшылар психологиялық және физикалық тұрғыдан өзгелерден кем емес. Мектепте 5 жасар баладан 50 жасқа дейінгі үміттің құшағында жүрген жандар тәлім алатынын білдік. 22 оқу-жаттығу тобына бөлініп, біршама спорт түрлерін меңгеріп шығатындарын ұғындық. Атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол, дойбы, шахмат, үстел теннисі, суға жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, боулинг, оқ ату, бадминтон, тоғызқұмалақ, грек рим және еркін күрес түрлерімен шұғылданатын қадірлі жандар осы мектепте жаттығады. Ал үміттің қоламтасын үрлеп жүрген 30 жаттықтырушы бар білген-түйгенін үйретуден аянбақ емес. Еткен еңбектің жемісін жеу қандай бақыт. Мектеп басшылығының бес жылда бағындырған белестері тәп-тәуір көрінеді. Айталық, осы уақытқа дейін 1 санатты 50 спортшы шықса, ұлттық құраманың тізімінде 25-нің есімі жазулы. Мектептің республикалық, халықаралық додаларда қанжығасы майланып жүрген сақа спортшылары да жетерлік. Ел чемпионаттарындағы абыройлы жеңістерін айтпағанда, халықаралық аренадағы табыстары бір төбе. Атай кетсек, биыл Шанхайда өткен дүниежүзілік жазғы арнайы олимпиадалық ойындарында жерлестеріміз боулингтен 1 алтын, 1 күміс иемденіп, жалпы командалық есепте қола жүлдені қоржынға салған еді.

Шындығында, спортшылар үшін төрт жыл бойы төккен тердің өтеуі Олимпиадамен өлшенетіні ақиқат. Әзірге, Оңтүстіктің қамкөңіл жандары үшін олимпиадаға жолдама алудың өзі үлкен мұң. Лондонға бірде-бір спортшымыз «билет» ала алмай, жанымыз жабырқап қалған-тұғын. Бұл жағдай билік тізгінін ұстағандарға ой салса игі. Мойындау керек, бізде әлі де болса, мүгедек спортшыларымызға жеткілікті жағдай жасалмай келеді. Негізгі олимпиадашылардың көлеңкесінде қалып қоймас үшін оларға мемлекеттен қажетті қамқорлық керек-ақ. Осы күнге дейінгі олимпиада ойындарында қоржынымыздың майланбауының себебі неде? Сауал көп, жауап жұтаң. Жағдайды тереңірек зерттеп-зерделегенде, бірқатар бас ауыртар жағдайлардың барына көзіңіз жетеді. Бізде әлі де болса, жарымжан спортшылардың бәсекесіне қызығушылық оянар емес. Спортшыларымызға қамқорлықтың жетіспейтіндігінен бөлек, олардың жігерін қайрап, рухтандыра алмайтын секілдіміз. Үкімет негізгі олимпиадашыларды 250 мың АҚШ долларымен жарылқап, ал өмірге құштар жандарға 50 мың АҚШ долларын тағайындауының өзі біршама жәйтті аңғартса керек. Қалталы кәсіпкерлеріміз де аянып қалмай, спортшыларымызды қолтығынан демеп жіберсе, құба-құп қой. Бұл орайда шетелдің тәжірибесінен үйренеріміз көп. Біле білсек, Қытай, Франция, Ұлыбритания сынды елдерде спорттық ұйымдарды негізінен қалталы азаматтар қаржыландырады екен. Осының арқасында, аталған елдер бүгінде спорттың барлық түрінен алда келеді. Расын айтқанда, мүгедек спортшыларымыз елішілік жарыстарға қатысу үшін әкім-қаралардың есігін қағуға мәжбүр. Түсіне білсек, қоғамнан оқшау күй кешіп жүрген мүгедектердің спорттық әрі интеллектуалдық әлеуеті өте күшті. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық ғимараттар көптеп ашылса деген тілегіміз бар.