Облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігерлері дабыл қағуда. Пайдалануға берілгеніне 3 жыл енді өткен осындағы қосымша ғимараттың жапсары екіге жарылды. Сызат бір айдың ішінде бірінші қабаттағы жан сақтау бөлімінен шатырға бір-ақ жеткен. Содан бері кезекшілікке түскен дәрігерлер сызатты күн сайын өлшейді. Нәтижесінде жарықтың уақыт өткен сайын ұлғайып келе жатқаны анықталды. Ең алдымен науқастар үшін қауіптенеміз,- дейді мамандар.
Бекжасар МАМБЕТОВ облыстық кардиологиялық орталықтың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі: «Жарықтың пайда болғанына бір ай болды. Ол жөнінде мердігер компания «Эристайл-Қазақстан» бізге сараптама комиссиясының қорытындысын алып келген. Онда жер асты суларының ғимаратқа әсері жайлы жазылған. Жарық ұлғайған сайын үрейіміз күшеюде».
Екі ғимараттың түйіскен жерінде пайда болған сызат әсіресе екінші қабатта анық білінеді. Балалар хирургиялық бөлімі мен үшінші қабаттағы ота жасау бөліміне кіре берісте де көзге бірден түседі. Абырой болғанда шатырдағы жарық ұлғаймапты. Мұндағы жағдаймен танысқан депутат Әбілқасым Досболов мәселені тез арада шешу жөнінде 9-шы сессияда ұсыныс жасаған болатын.
Әбілқасым Досболов, облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы: «Мен таңертең кардиологиялық орталықта болдым. Жарық үлкен. Бір шара көру керек. Құрылыс , денсаулық сақтау басқармалары тексеру жүргізсін. Бұл мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына ұсынамыз».
40 орындық осы ғимаратты салу жөніндегі тапсырысты облыстық құрылыс басқармасы берген. Құны 1 млрд. 300 млн. теңгелік құрылысты «Эристайл-Қазақстан» компаниясы 2007 жылы сәуір айында бастап, 2009 жылдың аяғында пайдалануға тапсырған. Ал бір ай бұрын пайда болған температуралық жікке қатысты сараптаманы мердігер кардиологиялық орталыққа да, құрылыс басқармасына да тапсырыпты.
Тәжібай ЕГЕТАЕВ, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары: «Сарапшылар тұжырымы бойынша жер асты сулары 5-6 метрге жеткен. Құрылыстың алдында ол көрсеткіш 17-18 метр болатын. Қазіргі таңда арнайы комиссия өз тексеруін жүргізуде. Олардың қорытындысы бойынша нысанның тағдыры шешіледі. Кімнің есебінен ақау реттелетіні».
Алдағы уақытта ақауды кім жөндейтінін арнайы комиссия анықтайды. Ал оған дейін кардиологиялық орталықтың ұжымы да, мұндағы науқастар да жандарын шүберекке түйіп жүруге мәжбүр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0O3ToXzxX8M[/youtube]