Сарыағаш ауданы екі денсаулық сақтау мекемесімен толықты. Мұндағы Абай ауылынан 150 адамға арналған орталық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Мекемеде науқастарды емдеуге керектінің бәрі бар дейді ақ желеңділер.
Іргетасы 2004 жылы қаланған орталық аурухананың ашылуын Абай ауылының жұрты көп күтті. Есесіне, 8 жыл дегенде әзер қол жеткізген мекемеде науқасты емдеуге керекті құрылғының барлығы бар. Бұрын ескі ауруханада емделушіге тиісті көмекті көрсете алмағандарына қынжылған дәрігерлер енді науқасты аудан орталығына ең қиын жағдайда ғана жібереміз дейді.
Пердебек Жақыпбеков, бас дәрігер: «Бір палатада 6 адам жататын еді. Кейбір кезде 12 адам жататын еді. Балалар бөлімі болмайтын. Бір кереуетте анасымен жатуға мәжбүр болатын. Ал қазір ондай жоқ. Әр балаға, әр анаға отдельная койка. Бәрін бөліп тастағанбыз».
Сондай-ақ, бұл күні аудандағы Алғабас ауылынан пайдалануға берілген ФАБ елдімекен жұртын қуанышқа кенелтті. Бұрын басы ауырып, балтыры сыздаса осындағы мыңнан аса тұрғын көрші ауылға сабылатын. Ал енді осында фельдшерлік бекет бой көтерген соң бұл қиындықтар артта қалмақ. Мұндай жағымды хабарға ауылдағы Зәуре апа секілді кейуаналар разы.
Жыл басынан бері Сарыағашта 7 денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілген. Соның нәтижесі болар — халықтың ауруға шалдығу деңгейі былтырғымен салыстырғанда едәуір жақсарды дейді аудан басшылығы.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vgBhirme9lY[/youtube]