Сарығаштағы Қапланбек ауылында көкөніс қоймасы ашылды. Сыйымдылығы 5200 тоннаны құрайтын сақтау орнының басшылығы шаруалардан тауарының әр келісі үшін ай сайын 1 теңге ақы алады. Ал бұл диқандардың қалтасына салмақ емес дейді өздері.
Арман Әуіткенов, қойма басшысы: «Қойма жергілікті тауарөндірушілер үшін арнайы салынды. Яғни, жылыжай жұмысымен айналысатын шаруалар үшін бұл таптырмас орын. Келер жылдан бастап, сақтау орындарын жалға беруді жоспарлап отырмыз. Тауарды тікелей сатып алып, жеке жылыжай ісін қолға алсақ деген ойымыз бар».
Мұндай ірі көлемді қоймалар Сарыағашта саусақпен санарлық. Ал ауылшаруашылығы жақсы дамыған аудан үшін бұл тіпті аз дейді жергілікті әкімдік. Сондықтан болашақта сақтау орындарының санын арттыру жоспарлануда.
Әбдібақыт Мақұлбаев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Жалпы біздің ауданда осы уақытқа дейін қоймалардың сыйымдылығы көбінесе 800 тоннаға дейін болатын. Мынау енді 5200 тонна, қазір 6 мың тонна болды. Жыдың соңына дейін тағы да 280 тонналық қойманы іске қосамызба деп отырмыз. Сонда ауданда 6-6,5 мыңның төңірегінде тауар сақтайтын қоймалар болады».
«Астана приоритет» қоймасында әзірге 1000 тоннаға жуық картоп-пияз сақтаулы. Қойманың өзге де көкөністермен толтырылмауына оның жыл соңына жақын ашылуы себеп дейді басшылық. Жергілікті биліктің айтуынша, келер жылдан бастап, бұл орын шаруалардың еңбегінің есесін еселейтін орын болмақ.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=huWyhRRYRRQ[/youtube]