Өзін Саша деп таныстырған жеткіншек ата-анасын жоғалтқан. Қазір оларды балаларды оңалту орталығының мамандары іздестіріп жатыр. «Саша» оның есімі ме, жоқ па мұны орталықтың мамандары да толық білмейді. Өйткені, бала тек ым арқылы түсініседі. Жасөспірімді тәртіп сақшылары Ордабасы ауданындағы Қараспан ауылында қаңғып жүрген жерінен тауып алған.
Сәуле Оңғарбаева, әлеуметтік педагог: «Көріп тұрғандарыңыздай бала сөйлей алмайды. Дегенмен өз атын жаза алады. Анасы бар екенін және зейнетақы алатынын жазып берді».
Әзірше орталықтың мамандарында баланың ата-анасы мен оның мекенжайы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Себебі, қойылған сұрақтарға жеткіншек жауап бере алмайды. Жасөспірімнің түсіндіруінше, баланың жасы 16-да көрінеді.