Бар мәселе «Қазақстан аруы-2012»-ден басталды. Бұған дейін «Шымкент аруы» атанған, 21 жастағы Жазира Нұрымбетова осынау жүлделі сайыста енді «Қазақстан аруы» атанды. Бұл әлемдік қыз сынына қатысуға мүмкіндік береді деген сөз. Осы осы екен, Арқа жақтағы ағайын ұлардай кеп шулағаны. «Неге шымкенттік қыз жеңеді» деп. Жо-жоқ, кешіресіз, Арқадағы бүкіл ағайынға топырақ шашып жіберіппіз. Көпшілік кінәлі емес. «Шымкенттіктер сатып алған ғой бұл орынды» деп шоқ үрлеп жүрген, айтпақшы, бұрын Парламентте отырып, депутат болған Бақыт Сыздықова деген ханым. Оның пікірінше, «Шымкент аруы» «Қазақстан аруы» бола алмайды екен. Бұл ұят тірлік екен-міс.
Сонда не, аруларды да енді ауылына, руына қарап таңдайтын болғанымыз ба? Неге екенін кім білсін, Шымкентте бір жақсы іс болса, жақтырмай, өзге жақтағылардың мұрын шүйіріп, қызғанып кететіні несі екен. Ал жаман атымыз шықса қандары қыз-қыз ойнап, көздері жайнап, жымиып, мысқылдап күліп, «не шықса да Шымкенттен шығады» деп сайрай жөнеледі. Нақ бір Қазақстанның Оңтүстігінде тек әзірейілдер өмір сүретіндей көретіні несі екен?!
Экс-депутат Бақыт Сыздықова өзінің Twitter парақшасында былай деп жазыпты: «Это вообще несправедливо! Мисс Шымкент – Мисс Казахстан! Она не достойна представлять всех казахстанских женщин на Мисс Мира».
Қайбір жылы Парламентте отырғанда көп әйел алуды заңдастыру керек деген мәселе көтерілгенде, «оны заңдастырсаңдар, көп күйеуге тиюге де рұқсат берулерің керек» деп айды аспанға шығарғаны бар еді, бұл әйелдің. Сол кезде ойланып қалып едік, «Ойпырмай осындай санасы саяз әйелді депутат етіп сайлап жүргендер кімдер екен?» деп таңданғанбыз. Енді, міне! Шымкенттен ару шықпауы керек екен-міс. Мәселеге негіз болып отырған Жазира кім?
«Қазақстан аруы-2012» атағына ие болған Жазира Нұрымбетова мемлекеттік мекемеде қызмет етеді. «Шымкент аруы» атанған кезде де ата-анасы мен қызметтес достарының қолдауына сенім артқан екен. Шымкентте туып-өскенімен, қазір Астанада тұрып жатқан жайы бар. Шымкенттің атынан сұлулық бәйгесіне қатысқанын өзіне зор мәртебе санайды.
«Мен бақыттымын, мұндай жеңісті күтпеген едім. Әрине, армандағаным рас, мұны әрбір қыз армандайды. Ал жеке өмірім туралы құпия болып қалғанын қалаймын», – дейді Қазақстанның ең сұлу қызы.
Осындай қыздан ілік іздеп, оны шымкенттік болғаны үшін кінәлап жүрген адамдарда да ес жоқ-ау осы…