Түйе шаруашылығы талқыға түсті

Семинарға Оңтүстік Қазақстан облысының 5 өңірінен 14 тыңдаушы қатысты
Семинарға Оңтүстік Қазақстан облысының 5 өңірінен 14 тыңдаушы қатысты

Жуырда «Тассай» білім тарату орталығында 4 күнге созылған «Қазақстандағы және дүниежүзіндегі түйелердің қазіргі жағдайы мен болашағы, биологиялық ерекшеліктері мен өндірістік ұсыныстар» атты тақырыпта ғылыми-зерттеу семинары өтті.

Семинарға Оңтүстік Қазақстан облысының 5 өңірінен 14 тыңдаушы қатысты. Олар шаруа қожалықтардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, тұтыну кооперативтерінің төрағалары. Лектор ретінде ЖШС-і «Қазақ тұлпар» АҚ «КазАгроИнновация» малшаруашылығын өсіру және асылдандыру бөлімінің меңгерушісі, а.ш.ғ.к. А.Рысалдина, «Қазақ тұлпары» ЖШС-нің директоры, профессор Н.Кикебаев, «КазАгроМаркетинг» АҚ-ның маркетологы Н.Есіркепов қатысты. Семинар барысында түйелердің дүние жүзіне таралуы, Оңтүстік Батыс аумағында түйе шаруашылығының қазіргі жағдайы мен келешектегі даму мүмкіндіктері баяндалды.

Семинар барысында түйелердің дүние жүзіне таралуы, Оңтүстік Батыс аумағында түйе шаруашылығының қазіргі жағдайы мен келешектегі даму мүмкіндіктері баяндалды

Қазіргі кезеңдегі қазақ бактрианы және түркімен аруналарын етті-сүтті бағыттағы түйелерді іріктеу, жұптау, түр аралық будандас-тыру жолдары талқыланды. Оңтүстік-Батыс аймақтарында түйе шаруашылықтарының өнімділік сапасын жақсарту жолдары мен мүмкіндіктері оның тиімділігі талқыланып, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында жасалынған электрондық ақпараттық жүйесі таныстырылып, насихатталды. Түйелерді табанды жайылымда күтіп бағу және жаю технологиясы, бағдарламалық және бірінші зоотехникалық есепті ұйымдастыру, асыл тұқымды түйелердің жеке кітапшаларын электронды негізгі ақпараттық қорға енгізу жолдары таныстырылды.

Бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылы «Тассай» білім тарату орталығы 16 семинар өткізіп, ондағы көптеген өзекті мәселелер білікті мамандардың талқысына түскен.

«Тассай» білім тарату орталығы 2009 жылы «КазАгроИнновация» акционерлік қоғамның қолдауымен «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс-титуты» ЖШС-нің негізінде ашылған болатын. Орталықтың негізгі қызметі – агроөнеркәсіп кешені мекемелерінің мамандарын заманауи технологияларды қолдана білуге үйрету, агроөнеркәсіп кешені мекемелерінің арасында аграрлық ғылымның алдыңғы қатарлы жетістіктері, ауылшаруашылық техникалары мен технологиялардың жаңа үлгілері туралы ақпарат тарату болып табылады. «Тассай» білім тарату орталығының жүргізіп жатқан іс-шаралары «Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ақысыз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» және «Ауылшаруашылық өнімдерінің бәсекелестікке қабілетілігін арттыру» деп аталатын мемлекеттік екі бюджеттік бағдарламалары бойынша іске асырылып келеді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ