Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

 

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ:

Күйеуім екеуміз 4 жыл бұрын некемізді бұзып, ажырасып кеткенбіз. Некеде тұрғанымызда күйеуім 3 бөлмелі пәтер сатып алған. Ажырасқан кезде ортақ мүлікті бөлмедік. Енді қазір мен бұл пәтерді бөліп алмақшымын. Сізден сұрайын дегенім – бұл пәтерді бөліп алу туралы сотқа арыз бере аламын ба?

Жауап:

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 33-бабы бойынша ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 37-бабының 1-тармағына сәйкес ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн. Осы Кодексінің 37-бабының 6-тармағында некесi (ерлі-зайыптылығы) бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлi-зайыптылардың талаптарына неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап талап-арыз ескіруінің үш жылдық мерзiмi қолданылады деп белгіленген.

Әрине, сіз ортақ мүлікті бөлу туралы талабымен сотқа жүгіне аласыз. Бірақ егер екінші жақ соттан талап қою мерзімінің өтуіне байланысты талапты қанағаттандырусыз қалдыруды сұранса, сот Сіздің талабыңызды қанағаттандырусыз қалдыруы мүмкін.

Сұрақ:

Біз ағам екеуміз бір пәтерді жекешелендірумен алғанбыз. Ағам бір мекемеге ақша қарыз болған соң сот орындаушылары пәтерге тыйым салған еді. Қазір мен пәтердегі өз үлесімді қарындасыма сыйға тартпақшымын, бірақ нотариус сыйға тарту шартын рәсімдеуге болмайды, өйткені пәтер тыйымда деп бас тартып отыр. Нотариустың бұл әрекеті заңды ма?

Жауап:

Егер сот орындаушылар ағаңыздың борышы үшін бүкіл пәтерге тыйым салған болса, онда нотариустың әрекеті заңды болып саналады. Ал егер сот орындаушылар пәтерді толығымен емес, тек ағаңыздың үлесіне ғана тыйым салған болса, онда нотариустың сыйға тарту шартын рәсімдеуден бас тартқаны дұрыс емес. Сонда да егер сот орындаушылар шын мәнісінде де ағаңыздың борышы үшін бүкіл пәтерді тыйымға салған болса, бұл әрекет сот орындаушылардың тарапынан заңсыз. Себебі кез келген борыш үшін тек борышкердің мүлкісі тыйымға салынады, ал егер борышкердің басқалармен ортақ мүлікте үлесі бар болса, онда тыйым тек сол үлесіне ғана салынады.

Яғни сіз өз үлесіңізді тыйымнан босату туралы сот орындаушының өзіне не сотқа арыздана аласыз немесе сот орындаушысының заңсыз әрекеті үшін прокурорға немесе жоғары тұрған органға шағымдануға құқылысыз.