Ханшайым мен ханзада, қаһарлы қолбасшы мен мейірімді сиқыршы. Шымкентте бір кеште ертегі кейіпкерлері мерекелік шыршаның түбіне жиналды. Әуезді әннің ырғағымен ғажайыптар еліне сапар шеккен шенді-шекпенділер, жастар мен ересектер бұл күні бір сәтке арман қуып, балалық шаққа үңілді.
«Біз барлығымыз бал кезімізде ертегі кейіпкерлеріне айналғымыз келді. Біріміз батыр немесе сиқыршы, алып болғымыз келетін. Бірақ ол орындалмайтын арман еді. Міне, бүгін сол армандар орындалған күн. Сондықтан тыныш, бейбіт заманда түрлі бейнеде киініп, уақытыт осылай қызықты өткізіп жатқанымызға шүкіршілік айтуымыз керек»,-дейді генерал-майор Молдияр Оразалиев.
Осылайша «Мадлен» мейрамханасына жиналғандар күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт арылып, би биледі, түрлі байқауларға қатысты. Оларға, тіпті, балаша асыр салып, ойнауға да мүмкіндік берілді. Ең бастысы, жиналғандар уақыттарын ұмытылмастай етіп өткізіп, келер жылын жақсы ниетпен қарсы алуға тарысты.