Жаңа жылдан бастап Жалпыға ортақ сәйкестендіруге ЖСН-ға және БСН-ға көшеміз. 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендірудің бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе азаматтардың және жеке кәсібін жүргізуші субъектілердің мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекетін жетілдіруге мүмкіндік жасайды. ЖСН жеке тұлғаларға, БСН заңды тұлғаларға, филиалдарға, өкілдіктерге және қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлерге беріледі және 12 разрядтан тұрады.
Жеке тұлғалардың ЖСН-ы жеке басын куәландыратын құжаттарда болады, оның алғашқы алты цифры жеке тұлғаның туған күні болып табылады.Бұл сәйкестендіру нөмірлері біздің қазіргі қолданыста жүрген ӘЖК (әлеуметтік жеке код) және СТН (салық төлеушінің тіркеу нөмірі) сияқты әлеуметтік деректемелерімізді алмастырады.Құжат белгіленген мерзімде рәсімделмеген жағдайда азамат ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру, банк шоттарын ашу және жүргізу, жылжымайтын мүлікті, көлікті тіркеу, салық міндеттемелерін орындау, нотариус көрсететін қызметтерді іске асыра алмайды.
Бүгінде уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен жоспарында ақпараттық бірлестік іс-шаралары жүргізілуде. Сәйкестендіру нөмірлерін алмаған тұлғалар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуі қажет. Қызмет 1 қаңтарға дейін тегін көрсетілетін болады. Бүгіннің өзінде Электронды Үкіметтің сайтында көрсетілетін 70 электронды қызметтің 9 БСН-ге қатысты болып тұр, ал ЖСН-сіз азаматтар 40 шақты электронды қызметті пайдалана алмайды.