Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен Созақ, Сарыағаш аудандарына көмек көрсету үшін құрылған арнайы есеп-шотқа ақша аудару аудандар арасында бәсекеге айналыпты

8 әкім қайда кетеді?

Елбасының Жолдауында айтылғандай биыл ауыл, аудан әкімдерін сайлау жүзеге аспақ. Оның үстіне мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру үшін оларға қатысты қатаң талап қойылып отырғаны да мәлім. Осыларды негізге ала отырып, «бір әкім екі ауданнан артық ауданға басшылық жасай алмауы керек. Бұрын облыстық деңгейде басқарма басшысы, облыс әкімі аппаратында жұмыс істеп көрмеген азамат аудан әкімі болып тағайындалмауы қажет» деген талаптар күшіне енетін көрінеді. Егер бұл талаптар жүзеге асатын болса, біздің облыстағы Шымкент қаласының әкімінен бастап 9 қала-аудан әкімдері орынтақтарынан айырылмақ. Ал Әуелхан Тұрғынбеков, Уәлихан Қайназаров сынды біраз жылдан бері бір ауданнан кейін екінші, үшінші ауданды басқарып жүргендер қайтпек? Олардың мол тәжірибесін қажетсініп отырғанымызда, «үшінші рет аудан басқара алмайсың» деп орынтағынан алып тастау жөн бе?

Әрине, әзірге бұл талқыға салынып жатқан мәселе-міс. Дегенмен…

Кім ұрып кетті екен…

Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығын Шымкенттегі ауруханалардың бірінен көргендер жағаларын ұстап жүр. «Аурухананың қабылдау бөліміне әкелгенде үсті-басы қан-жоса-тұғын» дейді олар. «Екі жақты «разборкаға» қатысқан білем» дейтіндер де табылуда. Кім білсін, дегенмен, дәрігерлер әзірге науқастың жағдайы бірқалыпты екенін, ешқандайда қан-жоса болып келмегендігін, операцияда берілген «наркоз» реакция бергенін айтуда.

Әйелдерің тату болса бірге ән салады

Белгілі әншілер Алтынай Жорабаева мен Айгүл Иманбаева бір сахнада өнер көрсететінін шымкенттік көрермен сан-саққа жүгіртуде. «Сәбит Алтынай кілең қыз туған соң, ұлым бар ғой деп бұрынғы әйелі Айгүлді қайтадан ресми түрде бәйбіше еткісі бар білем» дейді.

Сахна саңлақтарының бірігіп концерттік бағдарлама жасауындағы мақсаты не екендігін енді, ақпанның 3-і күні сол концертке барғанда білерміз…

Қошқарлардың басы бір қазанға сия ма?

Облыстағы бірқатар басқармалар бірігеді дегелі кей шенеуніктерден маза кеткендей. Ендібірі өші бардай есеп беріп жатқан басқарма басшыларына қарсы сыни мақалалар ұйымдастырып, әріптесін аяғынан шалып қалуға тырысуда. Айта кетейік, жақын арада қаржы басқармасы мен экономика және бюджеттік жоспарлау біріксе, тіл басқармасы Мәдениетпен, білімнің сапасын бақылау департаменті білім басқармасымен бірігеді деген сөз бар.

«Крышасы» бар директор

Мақтарал ауданында «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» бір мектеп директоры бар екен. Былтыр ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облыста ең төменгі көрсеткішке қол жеткізсе де ол директорды ешкім жазаға тарта алмайды екен. Облыстық білім басқармасының бастығын «өзіміздің адам» дейтін әлгі мектеп директоры аймақта білгенін жасайтын көрінеді.

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен Созақ, Сарыағаш аудандарына көмек көрсету үшін құрылған арнайы есеп-шотқа ақша аудару аудандар арасында бәсекеге айналыпты
Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен Созақ, Сарыағаш аудандарына көмек көрсету үшін құрылған арнайы есеп-шотқа ақша аудару аудандар арасында бәсекеге айналыпты

Шардарадан шатақ шықты

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен Созақ, Сарыағаш аудандарына көмек көрсету үшін құрылған арнайы есеп-шотқа ақша аудару аудандар арасында бәсекеге айналыпты. Шардара ауданынан есеп-шотқа 2 млн теңге қалайда түсуі керек екен-міс. Осыны басшылыққа алған аудан әкімдігі ауыл әкімдеріне 600 мың теңгеден аударасындар деп салық салған көрінеді. Ал олар өз кезегінде мұғалімдерді қинап жатыр екен. Облыс басшысы мұғалім мен дәрігерден ақша жинамаңдар десе де…