Өз спортшыларымызды өзекке теппейік

Қызылордалық «Қайсар» клубының ойыншылары бірнеше айдан бері тиісті   жалақысын ала алмай шу көтергені белгілі
Қызылордалық «Қайсар» клубының ойыншылары бірнеше айдан бері тиісті жалақысын ала алмай шу көтергені белгілі

Елімізде келімсек спортшылардың дәурені жүріп тұр. Мойындайсыз. Әр спорт түрінде өз ұл-қыздарымызды өзекке теуіп, шетелдің тумаларын ойқастатып қойдық. Легионері көп футболдан ел Премьер-лигасы төңірегінде айқай-шу басылар емес. Қызылордалық «Қайсар» клубының ойыншылары бірнеше айдан бері тиісті   жалақысын ала алмай шу көтергені белгілі.  Сөйтсек, клуб басшылығы команданы қарызға батырған екен. Бөлінген тиісті сома межесіне жетпей, қаржының көбісі орта жолдан қосылған легионерлерді шақыруға жұмсалыпты. Соның кесірінен енді қызылордалық команда Премьер-лигамен қош айтысты.

Келімсек спортшылар хақында аз айтылып жүрген жоқ. Айтыла да бермек. Өзге елдің тізімінен сызылып қалған спортшылар қонақжай қазақ жұртынан пана іздейтіндей. Әлемге аты мәшһүр немесе қалтарыста жүргендері еліміздің суын ішіп, ауасын жұтуға кұмар. Олардың түпкі ойы, мақсат-мүддесі белгілі емес пе? Өз миссиясын орындап, қазынамызға ортақтасқаннан соң тайып тұратындары жетерлік. Әріге бармай-ақ, Лондон ойындарын саралайықшы. Зілтемірден иеленген 4 алтынның үшеуі келімсектердің қанжығасында. Ең өкініштісі, белдескеннің белін бүгетін қазақ балуандары көп болғанымен, үш жүлденің екеуін келімсектер иеленді.

Лондон төрінде ел намысын қорғағандары 30 — ға жуықтайды екен. Тарих беттерін парақтағанда 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қарсаңында-ақ бұл сырқаттың басталғанын аңғарасыз. Әрине, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақ елін әлемге таныту үшін легионерлер керек болғаны рас. Бірақ 21 жылда соларға жұмсаған қаржыға өз спортшыларымызды саңлақ етіп дайындауға уақыт жетті емес пе?! Қазір келімсектердің көмегіне жүгінетін бірден-бір спорт түрі – ауыр атлетика. Алғашында ресейлік спортшыларға «құда» түскен едік. Кейінгі кездері қазақтың намысын қорғау «бақыты» қытайларға бұйырды. Әзірге қазақ баласына таңсық көрінетін теннис, велоспорт, футбол, су спорты түрлерін өзге ұлт өкілдері меншіктеп алған. Олардың мерейімізді тасытып, бағымызды асырып жатқандары шамалы. Қырықты алқымдаған Александр Винокуров пен Ярослава Шведовадан басқалары қалың топтың арасында сүйретіліп жүр.

Шыны керек, тектінің тұяғы, батырдың ұрпағымыз деп кеуде қағамыз. Сайып келгенде, балуандар бәсекесінде де қазақ жігіттерінің қуаты бәсең. Олимпиадаға бірен-саран ұл-қыздарымыздың қатысқаны болмаса, жүлде алып жатқандары Қап тауының «қазақтары». Бұл үрдістің тоқтайтын түрі жоқ. Бізді ойландыратыны осы. Айталық, Афина кілемінде күмісті мойнына ілген Георгий Цурцумия Грузиядан келсе, қола жүлдегер Мкхитар Манукян Арменияның тумасы. Одан бергі Бейжің ойындарында да осы жағдай. Есеміз кетіп жүрген еркін күресте ресейлік легионерлер Таймураз Тигиев пен Марид Муталимов жүлдеге ілікті. Ал Лондон ойындарында қоланы қолтықтап қайтқан Даниял Гаджиев пен Гүзел Манюрованың отаны бөлек екендігін ішіңіз сезер. Аяқдоп өнеріне қатысты іште бұғып жатқан қыжыл қаншама.

150 мың доллар алды да, отанына тайып тұрды
150 мың доллар алды да, отанына тайып тұрды

Қазекең «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді. Біле білсек, спортымыздағы қаптаған легионерлердің арасында «кісі елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол-ды» ойлап жүргендері көп. Жасыратыны жоқ, кейбірі халықаралық ареналарда елімізге жүлде сыйлап, аз ғана уақыт жалған намыстың құшағында жүреді. Қалтасы «қалыңдағаннан» кейін ізім-қайым жоқ. Мәселен, Бейжің ойындарында күміс алған ресейлік легионер Алла Важенина 150 мың АҚШ долларын алды да, отанына тайып тұрды. Сол сияқты еркін күрес өкілдері, Геннадий Лалиев, Таймұраз Тигиев пен Марид Муталимовтің бүгінде «үні» өшкен. Таяуда ғана Лондон ойындарында алтынмен апталған Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаға қытайлардың қайта-қайта іздеу салып жатқаны жадымызда. Бәлкім, легионерлерді тарту имид­­ж­дік тұрғыдан дұ­рыс қадам шы­ғар. Бірақ Олимпиада қарсаңында ғана «қазақ» болып шыға келетін «жос­пар­лы» келімсектер аз емес.

Ел Үкіметі спортымыздың төрге озуы үшін қаржыны үйіп-төгіп бөледі. Дұрыс-ақ. Дегенмен, есіл қаражаттың көбін «сыйлы қонақтардың» жұтып жатқандығы ойландырады. Олардың баспана мәселесі, ас-суынан бөлек, жарыстарға қатыстыруға қаншама қаражат кететінін бағамдай беріңіз. Осының кесірінен, ауылдарда құм кешіп жүрген өзіміздің қабілетті өрендерімізді тәрбиелеуге қаржы жетіспейді. Келіп-кетерлердің ыңғайына жығылғанша, ауыл-аймақтарда спорт нысандарын салып, бапкерлерді көбейтсек ұтарымыз көп еді. Қаны таза қазақтың ұл-қызы ешкімнен кем емес. БАҚ-та кейбір спортшыларымыз-дың өзімізді өгейсітіп, өзгенің қамын күйттеп жүретіндер жайында өкпе-назы барын білеміз. Әсіресе, ауыр атлетика спортында бұл жағдай тіпті өршіген.

Жастар арасында Олимпиада және әлем жеңімпазы Жазира Жаппарқұлдың осы мәселе хақында айтар уәжі бар. Оның пайымынша, ұлттық құрама команданың оқу-жаттығу жиындарында бапкерлер Подобедова, Манеза және Чиншанлоға ерекше қарайтынын айтады. «Бізден басқа көзге түспей жүрген дарындар жетерлік. Олар көмекке мұқтаж. Ал басшылар болса, Қытайдан ауыр атлеттер әкелуді үйренді. Оларға бізден бөлек, ерекше жағдай жасайды», – дейді жеңімпаз қыз бізге мұңын шағып. Расында, ұғына білгенге ой саларлық жағдай. Қазақ спортының болашағы қазақтардың қолында болу керек қой. Қалтасын ғана ойлап келетін шетелдік спортшылар елімізде қашанғы тайраңдамақ?

Тағабай ҚАСЫМ