Әйелін ұратындар көбейген

Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан елімізде жыл сайын 600 әйел көз жұмады екен
Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан елімізде жыл сайын 600 әйел көз жұмады екен
Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан елімізде жыл сайын 600 әйел көз жұмады екен

Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан елімізде жыл сайын 600 әйел көз жұмады екен. Көбіне, мұндай жағдайға 30 бен 40 жас аралығындағы әйелдер ұшырайтыны мәлім болып отыр. Заңның солқылдақтығы сол, егер әйел өзін қорғау үшін күйеуіне ауыр дене жарақатын салса, онда сот оны қылмыскер ретінде жазалайды. Осылайша нәзік жандының жылдар бойы күйеуінің әлімжеттігін көріп, жапа шегіп келгені ескерусіз қалады.

Алма СЕРҒАЗИЕВА, ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы

– Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынаста құқық бұзған  3453 қорғау нұсқамасы   шығарылған. Ал ӘҚБтК-нің 355-1-бабымен отбасы-тұрмыстық қарым-қатынаста құқық бұзған   87 тұлғаға барлығы  247534 теңгенің көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар  құқық бұзушылық әрекеттерімен көзге түскен 90 адамға қатысты кодекске енгізілген 59-1-бабына сәйкес құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы сот арқылы қаулы қабылданып, профилактикалық есепке алынды. 2012 жылғы 12 айының қорытындысы бойынша облыс көлемінде – 11732 әйелге қарсы қылмыстар тіркелінген. Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің көпшілігі  және жұмыссыздар, арнайы білім алмағандар, жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер,  жоғары және орта оқу орындарында оқитындар.

Мәселен, өткен жылдың қаңтар айында Шымкент қаласының, Абай ауданы тұрғыны, 1981 жылы туған азамат А. мас халде айқай-шу шығарып, өзінің әйеліне балағат сөздер айтып, тынышын алады. Келіншектің ар-намысына тиіп, қорлайды. Бұл оқиға бойынша орган қызметкерлері бүлікшіл азамат А-мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қорғау нұсқамасы шығарып, ерекше талаптар белгілеу туралы ұсынысты Сайрам аудандық сотына жолдайды. Сайрам аудандық сот қаулысына сәйкес, жәбірлеушіге 2 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Мінез-құлқына сәйкес 3 ай мерзімге дейін ерекше талаптар белгіленеді.

Вера Закутняя, «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің психологы

– Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көбіне әйелдер мен балалар зардап шегеді екен. Ата-аналардың көбісі баланы мұндай нәрселерді түсіне бермейді деп ойлайды. Бұл оқиғалардың оларға қатты әсер ететінін біле де бермейді. Бірақ отбасындағы ұрыс-керіс ең алдымен бала психологиясына салмақ салатыны мәлім болып отыр. Қазір балаларының көзінше әйелін өлтірген әкелердің әрекеті жиі тіркелетін болды. Мұндай сорақылықты көзбен көрген мектепке дейінгі жастағы балалардың көпшілігі ұйқысыздыққа, шошыма ауруына шалдығатыны дәлелденіп отыр. Мұндайда баланың өзіне деген сенімі жоғалады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың куәгері болған 4-6 жас аралықтағы балалар әртүрлі ішкі және сыртқы эмоцианалдық тәртіптік мәселелерден зардап шегеді. Ал қыздар депрессияға, күйгелектікке жиі ұшыраса, ер балалар түрлі бұзақылықтарға бой алдырып, төбелеске, ұрып-соғуға бейім болады. Ондайлар кекшіл болып өседі.

Бұл мыңнан бір оқиға. Жалпы, сарапшы мамандар тұрмыста зорлық-зомбылық көретіндердің нақты санын айту мүмкін емес дейді. Өйткені, отбасының абыройын ойлап кейбір әйелдер арнайы органдарға барып тіркелмейді. Кешіріммен қарауды жөн көреді. Бұл шығыс қыз-келіншектеріне тән менталитет. Жалпы, «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдар» туралы заң бойынша отбасы мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмаудың қамы жасалу керек. Қолданыстағы заңнама бұрынғыдан қаталдау. Бүгінде полиция қызметкерлерінің құрығы ұзарған. Заңнама бойынша, егерде жәбірленуші өзіне қатысты қандай да бір қысымның болғанын айтып шағымданса, полиция қызметкерлері жауапқа тартылатын азаматқа ескерту жасайды. Одан кейін оның іс-қимылдарына (мазаламау, телефон арқылы психологиялық қысым жасамау, аңдымау сынды) шектеу қояды. Ал егер бұл шаралар нәтиже бермесе, соттың шешімі мен тергеу жұмыстары барысында жәбірлеуші қамауға алынады. Тергеу жұмыстары 2 айдан кейде 1 жылға дейін жүргізілетін болады. Бұл құзырлы заң орындары тарапынан жасалатын шаралар. Бұдан бөлек елімізде тұрмыстық зорлық көрген жандарға көмек көрсететін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Республика бойынша тіркелген осындай 20 орталықтың үшеуі Шымкент қаласының үлесінде. Алайда, мамандар мұндай жағдайлардың қаладан шалғай аудандарда, ауылдарда жиі орын алатынын алға тартады. Тұрмыста жапа шеккен әйелдер қайда шағынарларын білмей шарасыз күйге түседі. Ең өкініштісі, психологиялық соққы алған әйелдер өз өмірлерін қиюға дейін барады. Сондықтан сала мамандары зәбір көрген әйелдерге қол ұшын созатын дағдарыс орталықтарын ауылдардан да ашу қажеттігін айтады.

 

Мақпал РЫСБАЕВА