Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында 120 қазақ балалары өзбек мектептерінде білім алып жүр. Бұған жергілікті билік кінәлі. Өйткені, өзбек мектебінен қазақ сыныптарын ашуға болады. Бұл туралы ОҚО тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балхия Көмекбаева мәлімдеді.
«Мектеп соғудың қажеті жоқ. Сыныптар ашса жеткілікті»,-деді Б.Көмекбаева. Ал Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі болса қосымша сынып аша алмаймыз дейді. Өйткені ол сыныптардағы бала саны бес-алтыдан аспай қалады. Оның үстіне жоғарыда айтылған 120 баланың бәрі қазақ емес деп отыр.
«Бұлардың ішінде бірәз ата-ана өздерінің балаларын өзбек ұлты бола тұра, қазақ деп жаздырғандар. Сонымен бірге қос ұлтты отбасыдан шыққан балалар да бар. Содан кейін есептеп көрдік бір сыныпта 3 балаға дейін оқушы болып жатыр»,-дейді Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі.
Ал тілдерді дамыту басқармасы бастығы Б.Көмекбаева мұнымен келіспейді. Өйткені, бүгінгі таңда облыста 14 мыңнан аса өзбек ұлтынының балалары қазақша біліп алып жатыр. Оның ойынша қазақ сыныптары ашылса, онда оқуға ниет танытатын басқа ұлттың өкілдері табылады.