2012 жылдың жаға ұстатқан қылмыстары

Шымкенттегі «Бекжан» орталық базары өртенді
Серік Баймағанбетов
Серік Баймағанбетов

03.02.12

Кеденнің бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды

Кедендік бақылау комиетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов 10 жылға сотталды. Оның дүние-мүлкі түгелдей тәркіленді. Жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейді. Онымен қоса түрмеден шыққан соң 7 жыл бойы мемлекеттік қызметке алынбайды.Кеден басшысы қызметінде жүргенде Серік Баймағанбетов облыстық департаменттің басшысының орынбасарлығынан үміттеніп жүрген бір адамнан 80 мың доллар пара алған. Сондай-ақ, ол өзінің лауазымын пайдаланып, кедендегі кадр саясатын өрескел бұзған. Кеденде жұмыс істемейтін адамға «қамқорлық» жасап, оны кеден қызметкерінің тізіміне кіргізіп қойған. Кедендік бақылау комитетінің төрағасы болып Серік Баймағанбетов 2011 жылдың мамыр айында тағайындалған. Қаржы полициясы 2012 жылдың 3 ақпанында оны қамауға алып, қылмыстық іс қозғады. Серік Баймағанбетов кеден басшысы болғанға дейін Ішкі істер министрі және басқа да жоғарғы лауазымды қызметтер атқарған екен.

Ардагерді өлтіргендер табылмай отыр
Ардагерді өлтіргендер табылмай отыр

17.04.2012

Ардагерге ажал құштырды

Сайрам ауданы бағыты бойынан кісі мәйіті табылады. Денесінің 10-нан аса жеріне пышақ сұғылған кісінің Ауған соғысының ардагері Дамир Есімханов екені анықталды. 51 жастағы жауынгер-интернационалисті біреулер айуандықпен қинап өлтірген. Марқұм болған жігіт ағасының артында отбасы қалды. Ауған соғысынан аман келіп, бейбіт күнде бәзбір қандықолдың қолынан көз жұмғаны көпшіліктің жанына қатты батты. Бұл қылмыстық іске әлі нүкте қойылған жоқ. Ардагерді өлтіргендер табылмай отыр.

Владислав Челах
Владислав Челах

27.05.2012 

Челах өмір бойына темір торға тоғытылды

«Арқанкерген» шекара бекетіндегі 14 шекарашыны және орман қорықшысын қазаға ұшыратқан қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірген болатын. Іздестіру барысында жалғыз тірі қалған қатардағы шекарашы Владислав Челах табылып, қамауға алынған. Алғашқы сәттен бастап, өзінің жасаған қылмысын мойнына алған қатардағы шекарашы қайғылы оқиғаның бүге-шігесіне шейін айтып берген еді. Кейіннен ол шекарашыларды қалай өлтіргені жөнінде қамауда бірге отырған адамға айтқан әңгімесі прокурордың рұқсатымен жазылып алынған болатын. Бұл бейнетаспа барлық баспасөз құрал өкілдеріне таратылып, ғаламтор жүйесінде көрсетілді. Алты айға жуық жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесінде Владислав Челахқа қатысты 56 томдық қылмыстық істердің материалдары сотта қаралып үкім шығарылды. Владислав Челахқа 14 қызметтес шекарашыны және орман қорықшысын өлтірді деген ҚР Қылмыстық Кодексінің сегіз бабы бойынша және тоғыз оқиға: ҚР ҚК-нің 96 бабы («Кісі өлтіру»), ҚР ҚК-нің 145 бабы («Тұрғын үй қорын бүлдірмеу»), ҚР ҚК-інің 172 бабы (« Мемлекеттік құпияны заңсыз алу»), ҚР ҚК-інің 173 бабы («Мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды жоғалту»), ҚР ҚК-інің 175 бабы («Ұрлық»), ҚР ҚК-інің 251 және 255 баптары («Қаруды ұрлау және тағу»), ҚР ҚК-інің 373 бабы («Қашқындық»), және ҚР ҚК-інің 387 бабы («Әскери мүлікті қасақана жою») бойынша айыптар тағылды.Осы баптар бойынша айыпты деп табылған Владислав Челах ең жоғарғы жаза ғұмырының соңына дейін қатаң тәртіптегі колонияда қамауда отыратыны жөнінде сот үкімі шықты.Мұның сыртында сотталушыдан моральдық және материалдық келтірген зияны үшін 33 млн 650 мың 815 теңге өндіру туралы және ҚР ҚК-інің 176 бабына сәйкес мемлекетке соттық сараптама жасау үшін шыққан шығын 803 мың 442 теңге өндіру туралы үкімде көрсетілді. Сол күні Талдықорған әскери гарнизонының соты үкімімен «Сарыбөктер» шекара бекетінің бұрынғы бастығы Алексей Фоминге 28-30 мамыр аралығында «Арқанкерген» шекара бекетімен байланыс үзілгенін жасырды деген айып тағылып, үш жыл бас бостандығынан айырды.

Шымкенттегі «Бекжан» орталық базары өртенді
Шымкенттегі «Бекжан» орталық базары өртенді

07.08.2012

«Бекжан» базары өртке оранды

Шымкенттегі «Бекжан» орталық базары өртенді. 4 мың шаршы метр аумақтың түгі қалмай жанып кетті. «Тілсіз тажал» таңғы сағат төрттер шамасында тұтанған. Өрт сөндірушілер екі сағат дегенде әрең ауыздықтады. Жалынның күшті болғаны соншалық, қаладағы өрт сөндіру топтарының шамасы жетпей, көршілес аудандардан қосымша күштер шақыртылды. Қала әкімдігі зардап шеккендерге көмек көрсетіледі деп мәлімдеді. Куәгерлердің айтуынша, жалын базар аумағындағы екі қабатты сауда орнынан шыққан. Бірден күш алған өрт мұнан кейін базардың өзге де жерлеріне тез тарады. Өрттің күштілігі соншалық, одан шыққан жалын мен түтін шамамен 300 метр биіктікке дейін көтерілді. Саудагерлердің дені заттарын өрттен арашалап қала алмады. Қоймадағы тауар әп-сәтте күлге айналды. Бұл оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалғанмен кінәлілер табылған жоқ.

Шымкентте полиция қызметкері көлігімен 16 жасар қызды қағып кетті
Шымкентте полиция қызметкері көлігімен 16 жасар қызды қағып кетті

21.11.2012

Жол апатын жасаған майор

Шымкентте полиция қызметкері көлігімен 16 жасар қызды қағып кетті. Соққының қатты болғаны соншалық, бойжеткен 60 метрге ұшып кеткен. Ал жол апатына себепкер болған тәртіп сақшысы оқиға орнынан із суытпақ болған. Ал ауыр жарақат алған өрімдей қыз ауруханада көз жұмды. Адам өлімімен аяқталған жол апаты сол қиылыста тоқтап тұрған көліктің бірінің бейнеқондырғысына кездейсоқ түсіп қалған. Жолдан өтіп жатқан қос құрбының бірін қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік қағып кеткен. Ал екінші қыз сол сәтте жарты қадамға озып кетіп, аман қалды. Белгілі болғандай, көлікті полиция майоры басқарыпты.Жол апатын жасаған полиция майорының мас болғаны анықталды.

«Іле Алатау» ұлтық паркі
«Іле Алатау» ұлтық паркі

27.11.2012

Қорықшыларды қырып салды

Айдың-күннің аманында «Іле Алатау» ұлтық паркіндегі 12 адамды қырып салған күдіктілер анықталды. Полиция іздестіріліп жатқан радикалды ислам ағымының екі мүшесінің қолында қару болуы мүмкін екенін де ескертті. Жаппай адам өліміне байланысты іздеуге жарияланғандар, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Саян Хайров және Жамбыл облысының тұрғыны Зәуірбек Ботабаев есімді азамат. Болжам бойынша, радикалды ислам ағымының екі мүшесі құқық қорғау органдарына қарсы террорлық әрекет жасауға оқталған көрінеді.

Мақпал РЫСБАЕВА