Бүгін әнші-сазгер марқұм Ержан Серікбаевтың туған күні. 1962 жылы ОҚО, Арыс ауданында туылған тұлға еліне 70-тен астам тұщымды туындыларын сыйлап кетті. «Қазақстан», «Алматы таңы», «Неткен өмір», «Алыстағы арман», «Ауылым, аңсадым», «Кешір мені, асыл жарым», «Сен үшін», «Алға, қазақ жігіттері!», «Астана кештері», «Арысым», «Жан әке», «Сен қасымда болмасаң» сынды ел аузында жүрген әндерді жазып, қазақтың ән-қазынасына өзіндік үлесін қосқан азаматтың дүниеден озғанына 2 жылдың жүзі болып қалыпты. Ал бұл күні композитордың үзенгілес достары мен өнердегі әріптестері қаламыздағы «Шәмші Аллеясы» гүлзарына келіп, Ержан Серікбаев атындағы жұлдызды тас тақташаға гүл шоқтарын қойды. Сазгер жайында естеліктер айтты. Әндерін орындап, сағынышын басты.
Бақытжан Ауданбаев, ақын-сазгер: «Мен Ержанмен жұмыла жұмыс істедім. Көптеген тұщымды дүниелерді жаздық. 30-дан астам еңбек жаздық. Қазір ел аузында «хит» болып жүр ғой бәрі. Базарға барсаң базарда, вокзалға барсаң вокзалда я болмаса республикалық үлкен сахналарда да осы Ержанның әндері кеңінен орындалып жүргенін жасырмаймыз. Бір байқағаным қаншама әндеріне сөз жаздым ғой енді, Ержан ешқашан жалықпайтын. Әрдайым бір ізденіс үстінде жүретін. Тек жүрекпен ғана жазатын. Сондықтан боса керек, Оңтүстік жұртшылығы Ержанды «екінші Шәмші» деп те атап кеткен. Қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдыз ғой бұл. Көзінің тірісінде сен Шәмшінің ізбасарасың деп жиі айтатынбыз. Ержанның әндері ешкімнің әндеріне ұқсамайды, өзіндік қолтаңбасы мен стилі ерекше ғой. Әндері бір шөліркеп тұрған адамға мұздай қымыз іштіргендей болады, құлақ құрышын қандырады демекпін жалпақ тілмен айтқанда. Маған ол әндерге сөз жазу да оңай еді, себебі әндері сөз сұрап тұрады. Құлағыма кеп сыбырлайтындай. Әрдайым өзіне осы бір әндерінің қасиетін айтып, мақтайтынмын оны. Ал мұнда гүл шоқтарын қойып еске алуды былтыр бастағанбыз. Алдағы уақытта дәстүрге айналып, ел де осында келіп гүл шоқтарын қойып, құрметін білдіреді деген сенім мол. Сонымен қатар, біз жуырда билікке айтпақ өтінішіміз бар. Жыл сайын осы Шәмші гүлзарында әр композиторға арнап ретро-кеш өтеді. Биылғы кеш осы Ержан Серікбаевқа арналса дейміз».
Оңтүстік өңірінде Ержан Серікбаевқа арнау жыр жолдары жазылып жүр, әрине. Бірақ бұл өнердегі досы Бағдат Алтаевтың жазған арнау әнінің жөні бөлек. Бір тыңдасаң досқа сағынышты ұқтырады, тағы бір құлақ қойсаң жоқтау әндей жабырқатады. «Қайран досым, тағы бір жұлдыз ағып та түсті-ау аспаннан» деп бастау алатын ән кеңістіктен композиторды аласұрып іздейтіндей…
Бағдат Алтаев, композитор: «Біз Ержан екеуміз ән әлемінде жүргендіктен, көп сырласатынбыз. Ән
жазсақ міндеті түрде бір-бірімізге әкеліп тыңдадытп, пікір алмасатынбыз. Бұл — біздің дәстүр болатын. Ержан өмірде қандай адал болса, әндері де сол бір сезімді ұқтырып тұратын. Алдағы күндерге де жоспарды бірге құрып, қандай ән жазсақ болады деп кеңесетінбіз екеуміз. Әрине, досымның қазасы біздің қабырғамызды қайсытырды. Сондықтан қара жамылған көңілім досқа деген құрметі мен сағынышын жүрекпен жеткізді. Осылайша Ержанға арнау-ән дүниеге келді. Әнін өзім жаздым, сөзін Анар Жаппарқұлова деген ақын жазған. Есімде Ержан осы Анармен шығармашылық жолда жақсы араласатынн. Сондықтан Ержанның жан дүниесін сен жақсы білесің ғой, осы әнге жазып бер деп қолқа салдым. Анар қарындасым да бірауыздан келісе кетті. Осылайша «Қайран досым» әні пайда болды. Бұл ән ел алында әлі айтлаған жоқ. Жуырда үлкен сахналарда орындалатын болады. Ал бір қызығы мен осы бір әнді жазбайынша өзімді қоярға жер таппадым, «Қайран досым» дүниеге келісімен жаным жай тапты. Ержанды бәріміз сағынып жүрміз. Кеде теледидардан әншілер Ержанның әнін айтып жатса, өзім Ержанның арамызда жоқ екенін ұмытып кететімн. Ержан телефоныма хабарласатын сияқты немес үйге кіріп келетін сияқты. әлі де сенгісіз. Қазақ елі осындай перзентінен айырылды дегенге сенгіміз келмейді , әрине. Жұбайымен, баласымен хабарласып, хал-жағдайларын біліп тұрамын. Біз — достары парызымыз деп білеміз мұны!»
Бүгінде сазгердің әндерін қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары «Жігіттер» квартеті, «Нұр-Мұқасан» тобы, сонымен қатар Асқар Жүнісбеков, Жұбаныш Жексенұлы, Ақылбек Жеменей, Жұлдыз Бақытжанқызы сынды әншілер жиі орындайды. Сондықтан, өзі арамыздан кеткенімен әндері мәңгілік жүрегіміздің төрінде сақтала бермек!
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=1YJ80xGWBxo[/youtube]