Ақжарда ауызсу жоқ

Шымкенттің іргесінде тұрсақ та шелектеп су тасып, көштен қалдық

Төлеби ауданына қарасты Ақжар ауылының тұрғындарының жанайқайын тыңдайтын шенеунік жоқ. Ауыл тұрғындары ауызсуға жарымауда. Таза суды тасып ішуден әбден шаршаған. «Шымкенттің іргесінде тұрсақ та шелектеп су тасып, көштен қалдық», – деп өкпелі.

Шымкенттің іргесінде тұрсақ та шелектеп су тасып, көштен қалдық
Шымкенттің іргесінде тұрсақ та шелектеп су тасып, көштен қалдық

Оңтүстіктің ең түкпіріндегі ауылдардың өзі таза ауызсумен қамтылып жатқанда, қаладан атшаптырым жердегі елді мекенге ешкімнің көңіл бөлмейтіні қызық.

12-13 жылдан бері күні-түні ағатын үш құдыққа осындағы 700 отбасының (5 мыңдай тұрғын) күні қарап отыр. Ондағы сыздықтап ағатын су тәтті ме, ащы ма, онда ешкімнің жұмысы жоқ. Бастысы, таласып-тармасып бір жұтым суға қол жеткізсе болғаны. Ешкім келіп тексермесе де, көңіл шіркін жаздағыдай. Мал да, жан да осында шөлін басады. Бірақ тұрғындардың айтуларынша, соңғы кездері ел арасында тырысқақ, сарыауру дертіне шалдыққандар көбейіп кеткен. Құдық басын «кездесу орны» деп атап кеткен халайық таң рауандап атты дегеннен кешқұрымға дейін мықшыңдап су тасып жүргені сол.

– Жыламаған балаға емшек жоқ дейді қазақ, қарағым, – дейді ауыл тұрғыны Тілеутес Сапарбаев. – Айналайын-ау, біз жыладық не, жыламадық не? Су шығарамыз деп талай рет ақша жинадық. Ащы су шықты. Одан басқа жерді ұңғыдық. Ештеңе өнбеді. Босқа, қарашаның қаражаты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

Мұндағы ойын баласы да ауылдағы үш құдыққа қарай есекпен я болмаса шанамен безілдеп кетіп бара жатқаны. Тұрғындар ауыл әкімінің қолынан ештеңе келмейді деп санайды. Тұрғындар 10 мыңдап ақша жиған.

Кезінде су барады деп құбыр тартылған. Тіпті осындағы маңызды деген 11 көшеге 2007 жылдары-ақ орталық құбыр жетіп те қойыпты. Сөйтіп, 178 миллион теңгенің басына су құйылған. Бірақ «Таза су» бағдарламасының бұл арадан қазір жетім қалған құбырларын ғана көресіз. Іс аяқсыз қалған. Өйткені, 480 метр тереңдікте қазылған ұңғыдан су шықпай қалыпты. Ауыл әкімі Мырзагелді Манабаев басты себепті осылай түсіндірді. Демек, жұмсалған ақша ауаға кетті деген сөз. Мұны шенеуніктің өзі де мойындап отыр. Бірақ ол кезде бұл креслода басқа әкімқараның отырғанын айтып ақталды. Сондықтан желге ұшқан теңгелердің есебін бере алмақ емес. Есесіне, Шымкенттен қазір су тартылып жатқанын айтады. Осы су жолы бітсе, биыл күзде-ақ, Ақжардың жұрты таза суға қарық болмақ. «Сабыр түбі-сары алтын. Ауылдың халқын сабырлыққа шақырамын», – деді әкім әңгіме барысында.

Әрине, сабырдың түбі сары алтын екенін ауыл тұрғындары да, біз де білеміз ғой. Бірақ 2007 жылдан басталған сабырлық 6 жылға ұзарып кеткен жоқ па?

Мақпал ЫБЫРАЙЫМ

Ал осы кезде…

Өткен жұма күні Ақжар ауылдық округінің әкімі Мырзагелді Манабаев жергілікті тұрғындардың алдында 2012 жылды қорытқан есебін берді. Бір қызығы, басшысының қолынан ешнәрсе келмейтінін жайып салған жұрт, осы жиында өзгеріп сала бермесі бар ма? Олай дейтініміз, жасалған жұмыстарды қорытқан әкімге ауылдағы төбе би, ардагерлер кеңесінің төрағасынан бастап, барлығы да М.Манабаевтың баяндамасынан көңілі жадырап шыға келді. «Қанағатпыз, жақсы деген баға қоямыз» десті жарысып, жапа-тармағай. Ал таза судың жәйі ол бұрыннан келе жатқан мәселе ғой. Тіршілік нәрін биыл жыл аяғына дейін шешсек те боладыға сайды. Аң-таң болып мен отырмын. Санамда сандалған небір сұрақ, мүмкін мұның себебі, тізімдегі азаматтардың ғана сөз алып, баға беруінде шығар деген топшыға ғана тоқталды.

 

Тұрдыгүл ЖИЕНБАЕВА, ауыл тұрғыны

– Ауыл әкімінің пайдасын көріп жатқанымыз жоқ. Төлеби ауданынан келген әкімқаралар таза су 2014-те келеді дейді. Ойбай-ау, оған дейін кім бар, кім жоқ! Амал нешік, күтіп үйреніп қалған халықпыз ғой, оған да Құдай бұйыртса жетерміз. Бірақ әнеугүні көрші Гүлжазира деген кемпір көктайғақта оңбай құлап қалды. Алдында жаңбыр жауғанда да жерден таяқ жеп еді, байғұс. Енді тіршілік қой. Белін, тізесін байлап тағы бүкшеңдеп жүр.

Мырзагелді МАНАБАЕВ, Төлеби ауданы, Ақжар ауылының әкімі

– Бұл жерде ешкім қарап отырған жоқ. Бұл жөнінде аудандық ТҮКШ бөліміне ұсыныс берілген. Осындағы телемұнараның түбінен су сорғысы құрылып жатыр. Сондықтан 2013 жылдың тамыз-қыркүйегінде Ақжар ауылының халқы толықтай 24 сағат таза сумен қамтылады деген үміттеміз. 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=nqzTGLdWmOs[/youtube]