Алатауға барыңыз, шаңғы теуіп көріңіз!

Тау бөктерін атпен аралап шығуға да болады. Сағаты – 300 теңге
Шаңғы, шана тебейік...
Шаңғы, шана тебейік…

Қысы қысқа, жазы ұзақ Оңтүстік үшін қысқы демалыс кең тараған деп айту қиын. Күнгейдегілердің дені еңбек демалысын жаз бен күзде алады. Ал қысқы демалыс үшін арнайы уақыт бөліп, шаңғы теуіп, шана сүйрейтіндері аз.  Десе де соңғы кезде қысқы демалыс аймақтары ашылып, көптің көңілін көтеруге үлес қосып келеді.  Бірқатарымен таныстырып өтейік, бәлкім арнайы демалыс алмасаңыз да, сенбі, жексенбіде барып сергіп қаларсыз.

Оңтүстіктің табиғаты тамаша! Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас сынды аудандары туризмге таптырмас қолайлы мекен. Әсіресе, Төлеби ауданының тау жоталары мен қыраттары кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Алатау, Жабағылы, Бұғылытау сілемдері көпке таныс. Бірақ осы аумақта арнайы демалыс, оның ішінде қысқы демалыс орындарының барын білетін бе едіңіз?

Таудан сырғанамас бұрын алдыңызда тас, ағаш, мұз сияқты  бөгеттердің болмауына аса мән беріңіз
Таудан сырғанамас бұрын алдыңызда тас, ағаш, мұз сияқты бөгеттердің болмауына аса мән беріңіз

Оңтүстiк Қазақстан облысының ең биiк нүктесi саналатын Сайрам шыңы осы Талас Алатауына жалғасқан. Биiктiгi – 4238 метр. Ал әйгілі Ақсу Жабағылы қорығы 99 474 гектарды құрайды. Басым бөлігі Төлеби ауданының шекарасында жатыр. Міне, осы аумақта «Алатау» шаңғы базасы, «Тау самалы», «Біркөлік», «EkoVillaige Kaskasy», «Байқоңыр» және «Ақ мешiт» аталатын демалыс аймақтары бар. Бұл демалыс орындары болашақта өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады деген жоспар да бар. Мұны туризм саласының мамандары айтып жүр. Жарайды, оны уақыт көрсетер. Енді демалысқа оралайық. 2003 жылдан бері «Алатау» тау шаңғы базасы жұмыс iстеп келеді. База Леңгiр қаласынан 25 шақырым қашықтықта Батыс Тянь-Шань тауының етегiнде «Тау Самалы» шатқалында орналасқан. Тау шаңғысы жолының ұзындығы – 1300 метр. Бiр мезетте 1300 адамға қызмет көрсетуге мүмкiндiгi бар. Ал көктем және жазда атпен серуендеу қарастырылған.

«Люкс» бөлме үшін 8 000 теңге, ал жартылай люкс үшін 6 000 теңге төлейсіз
«Люкс» бөлме үшін 8 000 теңге, ал жартылай люкс үшін 6 000 теңге төлейсіз

Алатаудың бөктерiндегi Қасқасу ауылындағы тау шатқалынан «Қасқасу тау шаңғысы» демалыс аймағын салу үшiн Үкiмет арнайы қаулы қабылдап, құрылыс салуға 56,8 гектар жер бөлiнген-дi. 2011 жылы республикалық қазынадан 103 миллионнан астам қаржы бөлініп, инженерлiк-коммуникациялық жүйелер жүргiзiлiптi. Ал 2012 жылғы иженерлiк-коммуникациялық жүйеге қосымша 3 миллиард 800 мың теңге бөлiніп, «Қасқасу тау шаңғысы» демалыс аймағының құрылысын жүргiзу басталып та кетті. Құрылыс әр кезең бойынша 2017 жылға дейiн жоспарланған. Осы жоба ойдағыдай iске асқан жағдайда оңтүстiк өңiрiнде тау шаңғысы туризмi дами түспек.

Төлеби ауданына жыл сайын шетелден 1500 турист келеді екен. Оларды қызықтыратыны біздің өлкенің сұлулығы мен салт-дәстүр. Екеуі де аталған өңірде бар.

Шананы бiр күнге 1000 теңгеге, ал шаңғыны 1500-3000 теңгеге дейін жалға ала аласыз
Шананы бiр күнге 1000 теңгеге, ал шаңғыны 1500-3000 теңгеге дейін жалға ала аласыз

Ал «Алатаудағы» қыс қызығы бөлек әңгіме. Шаңғы десеңіз де, шана десеңіз де қызметіңізге дайын. Шананы бiр күнге 1000 теңгеге, ал шаңғыны 1500-3000 теңгеге дейін жалға ала аласыз. Сонымен қатар тау бөктерін атпен аралап шығуға да болады. Сағаты – 300 теңге. Ал жергілікті халықтың қолынан шыққан айран-сүт, қымыз, қаймақ, құрт, алма сияқты өнімдері бал татиды-ау! Ауылдықтар шын ықыласымен ұсынғанда тәбетіңіз ашылып, экологиялық таза өнімнің тіл үйірер дәміне таңырқайсыз.

Қонақтап қалам деушілерге, 2-3 күн серуен құрам деушілерге де қонақ үйдің қызметі дайын. Заманауи қызметтердің барлығы ұсынылады. Ас мәзірі ұлттық және европалық болып екіге бөлінген. «Люкс» бөлме үшін 8 000 теңге, ал жартылай люкс үшін 6 000 теңге төлейсіз.

Шаңғы тебуді үйретушілер мен нұсқаушылар да табылады. Әрине ақысын төлесеңіз болғаны. Мұнда келушілердің қатары қар жауғанда көбейеді екен. Бір күнде 400-500 адамға дейін келетін көрінеді. Ал ашық күндері адам аяғы саябырсып қалады екен. Демаламын деушілерге бар жағдай жасалған. Тіпті суықтан қорғайтын арнайы киімдер де бар.

Тау бөктерін атпен аралап шығуға да болады. Сағаты – 300 теңге
Тау бөктерін атпен аралап шығуға да болады. Сағаты – 300 теңге

«Алатау» шаңғы базасы туралы білетіндердің қатары көп деуге болмайды. Себебі демалыс аймағының насихаты аз. Демалушылардың дені мұнда дос-жарандарынан, құрбы-құрдастарынан естіп келеді. Оңтүстіктің демалыс орындарын интернет арқылы іздеп көріңізші. Бірен-сарандары ғана шығады. Онда да, ілмекті сөздері арқылы ғана таба аласыз. Сондықтан шығар, шаңғы базасының туризм саласында қанатын кеңге серпи алмай отырғандығы. Жоғарыда аталған туристердің қатарын көбейту үшін айтарлықтай насихат керек. Насихатты заманауи тұрғыдан интернет желісіне салса қане? Туристік фирмалар неге өзіміздегі демалыс орындарын ұсынбайды деп ойланасың? Қысы жаздай болып тұратын елдерге аттандыруға асығып-ақ тұрады. Осындайда өзіміздің базаны ұсынатын адам бар ма екен деген ой туады? Қолдағы барды қадірлемейміз ғой… Алатауға барыңыз, шаңғы теуіп көріңіз. Таза ауамен тыныстап, қарға аунап, балалықты еске түсіріп, шанамен сырғанаңыз. Демалысыңыздың көңілді өтері анық! Жолыңыз болсын!

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА