АН-72 ұшағының автопилоты істен шыққан

381
АН-72 ұшағы апатқа ұшырады
АН-72 ұшағы апатқа ұшырады
АН-72 ұшағы апатқа ұшырады

Шымкент түбінде апатқа ұшыраған АН-72 ұшағының автопилоты істен шыққан. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Нұрдәулет Сүйіндіков, Бас прокуратураның ресми өкілі:» Ұшқыштардың сөздерінің мазмұнынан белгілі болғаны, ұшу кезінде автопилоттың істен шыққаны анықталды. Командир ұшуды қолмен басқару режимінде жалғастырған, ол АН-72 ұшақтарын басқаруға қайшы келмейді. 2 минут 29 секунд өткен соң кеменің командирі ұшақты басқаруды өзінің көмекшісіне берген (екінші ұшқыш), оған жолаушыларды тасымалдау кезінде тыйым салынған».

Оның айтуынша, ұшақтың редиоқабылдағышы да істен шыққан. Ұшу деректерін тіркеуіштің мәліметтері негізінде тергеумен, сондай-ақ ұшып көтерілгеннен кейін 2 минут 40 секунд өткен соң радиобиіктік өлшегіштің істен шыққандығы, бұл ретте, жердің жақындағанын ерте ескерту жүйесі (TGPWS Mark VIII) қосылмағандығы анықталыпты.

Ұшу барометрлік биіктік өлшегіш құралдарының көрсеткіштері негізінде жалғастырылған.

Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес ұшу кезінде барометрлік биіктік өлшегіштің жұмысында да іркілістер байқалған. Атап айтқанда, ұшудың 19 минутында биіктіктің көрсеткіштері 696-дан минус 1 375 метрге дейін, 22 минутында 749-дан 2 672 метрге дейін секірмелі өзгеріп тұрған.

«Сонымен қатар, ұшқыштардың сөздеріне сәйкес ұшу кезінде ұшақтың мұздануы орын алған. Бұл оқиға болған жерді қарау кезінде де расталады, онда ұшақ қанаттарының бөлшектерінде «мақпалды» мұздың болғаны байқалған», — деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

«Сонымен тергеу барысында жинақталған материалдар Шекара қызметінің АН-72 ұшағының апатқа ұшыруына келесі жайттар себеп болған. Біріншіден, ұшақтың борт жабдықтарының ақаулары, атап айтқанда, автопилоттың және радиобиіктік өлшегіштің істен шығуы, барометрлік биіктікті өлшеу құралының дұрыс жұмыс істемеуі. Екіншіден, экипаж командирінің қателіктері, атап айтқанда, командир жер жақындаған кезде ерте ескертетін жүйені қоспаған, ұшақты басқаруды тәртіпке қайшы болса да, көмекшісіне берген, барометрлік биіктік өлшегіште Шымкент әуежайының қысымын орнатпаған. Апаттың үшінші себебі, күрделі метеорологиялық жағдайлар. Сол күні жаңбыр аралас қар жауып, тұман түсіп тұрған», — деді Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=p4mCX1w3xGc[/youtube]