«Арыс жағасында» патриоттық ән байқауы мәресіне жетті

658
"Арыс жағасында" патриоттық ән байқауы мәресіне жетті
"Арыс жағасында" ән байқауына жүзден жүйрік танылғандар ғана қатыса алды
«Арыс жағасында» ән байқауына жүзден жүйрік танылғандар ғана қатыса алды

«Арыс жағасында». Тоғыз жолдың торабы – Арыс қаласында осылай аталған патриоттық әндер байқауы өтті. Ән бәсекесіне іріктеу кезеңі 1 ай көлемінде өрбіген. 2-ші рет өткізіліп отырған өнер сайысына Арыс қаласының 10-нан астам жас күміс көмейлері қатысты. Үміткерлерге 1 патриоттық және еркін тақырыпта ән орындау міндеттелген. Ал бұл сындардан сүрінбеген Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Рахым Талғат сахнада алған әсерін жасырмады. Айта өтейік, өнер сайысын ОҚО «Жастар орталығының» мамандары ұйымдастырып отыр.

Рахым Талғат, үміткер: «Мен бүгін «Көк тудың желбірегені» атты әнді орындап шықтым. Шынымды айтсам, сахна төріне көтерілгенде қатты қобалжыдым. Бірақ көрерменнің қошеметі менің қобалжуыма жол бермеді. Ештеңеге назар аудармай, ойымдағыдай орындап шықтым әнді. Ең бастысы, мен патриоттық ән шырқап көпшілікке ерекше сезім мен елге деген сүйіспеншілігін оятуды көздедім. Сондықтан, бұл ән мені бүгінгі байқауда жетістікке жеткізеді деген ойым да жоқ емес. Жасыратыны жоқ, бас жүлдеден үмітім бар».

Бір айта кетерлігі, көрермендер залында жастарға қарағанда аға буын өкілдері басым болды. Бұл байқау жастар арасында өтіп жатқанын ескерсек, жастолқынның белсенділігі баршаға қызығушылық тудырған. Сонымен қазылар алқасы да ән додаға арнайы келген көпшіліктен құралды.

Мэлс Мырзатаев, көрермен: «Бізге мұндай маңызды байқаулар қажет-ақ. Себебі бұл байқау баршаны патриот болуға, елді сүюге, отансүйгіштікке шақырады ғой. Жалпы өнер сайысы әділ өтіп жатыр, әділ бағалануда. Ел болып, халық болып бір кісідей атсалысып, бірауыздан таланттарды бағалап жатырмыз енді. Сондықтан патриоттық ән салып, ел мен жерді құрметтеуге тәрбиелейтін маңызы мол байқауға қатысып жатқан әрбір өнерпазға алғысымды білдіремін».

Гүлжан Маратқызы, көрермен: «Байқап қарасам, барлық әнші жанды дауыста ән орындауда. Бір жағынан патриоттық әндердің басым бөлігі терең тынысты ғой. Соншалықты таланттарына қарап тәнті болып отырмыз. Негізі Арсы деген қасиетті мекеннен көптеген өнер адамдары туылған. Қазақ ән әлемінде өшпес із қалдырған Ержан Серікбаев та осы қасетті жердің тумасы. Сондықтан осындағы жастардаың болашағынан үлкен үміт күтеміз».

Талантты жастолқынның басын қосқан, патриоттық тәрбиесі мол игі шараның демеушісі де осы замандастарымыздың өзі.  Осылай қоғамға үлесін қосуды көздейді. Ал халық төреші болған байқаудың брінші орнын «Қыздар-ай» тобы иемденді. 2-орынды Гүлназ Ахметбек жеңіп алды. Ал 3-орын Арман Төлбасыға бұйырды.