Бейбіт кейінгі кездері өмірден түңіліп, селсоқтанып жүрген. Жұбайы Қарлығаштың ажырасуға ниеті барын естігенде жүрегі шым ете қалды. Соқталдай азаматтың қатарластары сияқты нәпақа таппағанынан кейін шаңырақта қайбір береке болсын. Әйелінен өш алмақты ойлаған ол әдетінше бір жартысын тауысып, үйге тәлтіректеп келген.
Төсектен түске таман сүйретіле зорға тұрды. Мең-зең халде. Орда бұзар азаматтың көңілі әлденебір жамандықты сезетіндей. Ащы суға құмартқан пенденің арсыздыққа бейім тұратыны бесенеден белгілі. Қу нәпсінің жетегіне еріп, сұрқай сезімнің тұңғиығына батуды көздейді. Ендігі ойлағаны — жан-жарының көзіне шөп салу. Арсыздық абырой әпермесін білсе де, іштегі қыжылын осылай шығармақ ниетте. Түс әлетінде Шымкенттегі «Тельман» шағынауданында орналасқан «Рабат» қонақүйіне қарай аяңдайды. Әкімшіге ақысын беріп, қараңғы түскенше қонақүйдің бір бөлмесін жалға алған. Бейбіттің бұрынырақта шүйіркелесіп жүрген көңілдес қызы бар тұғын. Енді сол ашынасын шақырып, арам пиғылын іске асырудың сәті түскендей. Теріс жолға құныққан Гүлнәр «клиентінің» ұсынысынан бас тарта алған жоқ.
Кезекті әумесерлік тірлігін атқарып, оңай олжаға кенелмек ойда. Келісілген уақытта қонақүйге сау етіп кіріп келді. Оңашада қалған екі бейбақтың әрекеті тым сұрқай. Бөтелкелер босаған. Масаңдаған халде екеуі тысқа шығып, тамақтанбаққа әрекеттенеді. Бой жазып, сергіп қайту керек. Олардың ойынша, ыңғайлы орын Асқаров көшесінің бойындағы «Нилуфар» кафесі. Дәмханада сыралатып отырғанда олардың жанына Гүлнәрдің құрбысы Айнұр да қосылады. Бейпіл сөздер борап, әжүк-күжік әңгіме айтылады. Асқазанның шұрқырағаны басылған соң, әлгі екеу қайта қонақүйге жеткен. Нәпсілерінің қалауын тағы да қанағаттандырады. Әумесерлердің бұдан кейінгі әрекеті тым сорақы еді. Гүлнәр күні бойы ашынасының көңілін аулағанымен қоймай, енді таңға дейін қонақүйді жын-ойнаққа айналдырғысы бар. Бейбітті ақыры дегеніне көндіріп, 4000 мың теңгесін қағып алды. Оның жартысын күзетшіге беріп, ішімдікке жұмсайды. Ұяттан безгеннің тірлігі мәлім емес пе. Телефонына шұқшиған күйі бөгде ерлермен сөйлесу үйреншікті әдеті. Көңілдестерінің қоңырауына жауап берумен әлек. Таңға дейін «сатып алған» Бейбітке қарауға асығар емес.
Ашынасының қылығы Бейбіттің жүйкесін әбден тоздырса керек. Осы мезетте ол Гүлнәрға телефонының «үнін» өшіріп, қасына жақындауға бұйырады. Алайда жезөкше әйел айтқан сөзді елер емес. Қасарысып бағуға құмбыл. Сыртта бір жұмыстары барын сылтауратып, қонақүйден сытылып кетпек ойы бар-тын. Оның бұл тірлігіне ызаланған Бейбіттің көкейіне небір сұрқия ойлар сумаң етеді. Одан әрмен шыдай алмай, жуан жұдырығымен бөтелкелесінің бетінен ұрып үлгереді. Іштегі ашы өксік тыныш қойсын ба, күні бойы қойнында жатқан мүсәпірдің сыбағасын бермек ойда. Тәнін сатып күн кешкен әйелдің дәрменсіз хәлі адам көргісіз еді. Ауыр соққыдан есеңгіреп, одан ары не болғанынан бейхабар. Бейбіт одан әрі сынған шөлмектің үшкір жағымен денені тілгілеп, көкірек тұсынан, бетінен аяусыз тепкілейді. Онымен қоса, аса қатігездікпен полиэтилен пакетін аузына керіп тығып, тыныс мүшелерін бекіткен. Мұндай қорлықтан әлсіз әйелдің тірі қалуы неғайбыл еді. Ажал құшқанына көзі жеткен соң, қылмысын жасырмаққа ниеттенеді. Ақыр соңында мәйіттің үстін көрпе, жамылғылармен орап, шімірікпестен өртеген. Ізін суытпақ болғандағы айла-амалдары таңдай қақтырарлық. Түннің қою қараңғылығында қонақүйден шыға бере, қыздың ұйықтап жатқандығын, таңертеңге дейін оятпау керектігін күзетшіге тапсырып кетіпті. «Асқанға тосқан» демекші, полицейлер қатігез қылмыскерді дер кезінде құрығына түсірді. Бейбіттің мәйітті азаптағанымен қоймай, қалтасын тінтіп кеткендігі мәлім болып отыр. Айғақ зат ретінде одан 6500 теңге ақша, құны 12000 теңгелік «Нокия Х-2» маркалы ұялы телефон тәркіленді. Енді ол 15 жыл бойы тар қапаста жазасын өтемек.
PS: Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді. Оқиға орын алған мекенжайлар нақты деректер бойынша сақталды. Деректер ОҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Райымхан Заппаров пен облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің көмегімен алынды.