Тұмау мен қызылша, көкжөтел сияқты аурулардан дұрыс емделмесе, соңы бронхитке әкеледі. Сондықтан қолқаңызды күтіп, бронхиттің емделу жолын біліңіз.
Бронхит – бронхы кілегей қабығының қабынуынан болады. Оның қоздырғышы – микробтар мен вирустар. Онымен ауырған адамның қақырығында «пневмокок», «стрептококк» сияқты микроағзалар жүреді де, науқас түшкіріп, қақырып, жөтелген кезде сау адам ағзасына тыныс жолдары арқылы ауамен өтіп, дамиды. Аталған аурудың екі түрі болады. Біріншісі – жедел де, екіншісі – созылмалы.
Бронхиттің жедел түрінде адам тез тоңып, жиі есінейді және басы ауырып, дауысы қарлығады, кеңірдегі жыбырлап, әуелі құрғақ, кейін аздаған қақырық араласқан жиі жөтел пайда болады. Жөтелдің жиі және үздіксіз болуына байланысты кеуде қуысы, ішектер ауырады. Осыдан ағза да әлсіреп кетеді. Дер кезінде емделмеген бронхит өкпенің домбығуына шалдықтырады. Бұл жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін.
ЕМІ
Жедел бронхитпен ауырғандар дәрігерге көрініп, арнайы ем қабылдаса, науқас 1-3 аптада толықтай айығып кетеді. Ал жас балалар мен қарт адамдарда бронхиттің жедел түрі өте ауыр өтеді. Сондықтан балалар мен қарттардың жөтеліне көп көңіл бөліп, кеудеден қақырықтың шығуына көмектесетін дәрілік препараттарды уақытылы қабылдату керек.
Созылмалы бронхитпен ауырған адамдар үнемі жөтеліп жүреді. Жөтел көбінесе таңертең пайда болып, құрғақ немесе өкпеден сарғыш-жасыл түсті қақырық түседі. Жөтел күшейген сайын өкпені ауа кернеп, оның пішіні өзгеріп, созылады. Ол күшейген сайын кеуде шаншып ауырады. Ауру көп жағдайда ұзақ уақыт шаң-тозаң мен улы газ жұтқаннан және темекі тартқаннан пайда болады. Сонымен қатар қатты суық тию, салқын ауа жұту, сондай-ақ қатты шаршаудың салдары, дененің және жүйкенің зорығуы да ерекше әсер етеді.
ЕМІ
Алдымен науқас жататын бөлменің ауасын тазартып алған дұрыс. Дәрігердің кеңесі бойынша, антибиотиктер, қақырықты жібітетін және жүрек пен қан айналымы жүйесінің жұмысын жақсартатын дәрі-дәрмектерді ішкен пайдалы. Мұның барлығын да тек дәрігер тағайындауы тиіс. Өздігіңізден сатып алған дәрі-дәрмекпен емделу – өзге аурудың өршуіне жол ашады. Ауырған адам терлеп тұрғанда ұры желден сақтанған абзал. Бөлмедегі ауа мөлшерден тыс құрғақ болмауы үшін жылу келетін жерге ыдыспен су қойып немесе жылыту құбырларының бетіне дымқыл шүберек қойып қою керек. Бұл ауа ылғалдылығын бірқалыпты сақтауға мүмкіндік береді. Науқас С дәруменіне және ақуызға бай тағамдарды көп қолдануы керек. Ащы және тәтті тағамдарды мүлдем тұтынбаған жөн. Себебі, бұл тыныс алу жолдарының шырышты қабатын одан сайын қызартып, тітіркендіреді. Бұдан жөтелдің күшейіп кетуі мүмкін.
Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА
Халық емі:
Бронхиттен құтылуға пияздың пайдасы зор екен. Ол үшін бес пияз, жеті ас қасық бал, бір лимонды дайындап алып, ұсақтап турап немесе үккіштен өткізіп, балды қосып, тұнба жасап алу керек. Тұнбаны күніне 2 рет бір ас қасықпен ішкен дұрыс. Пияздың тағы бiр пайдасы, оның бір өзін аршып алып, бүтіндей бір стақан сүтке салып, 3-4 минут қайнатады. Пияз жұмсарып, дәмі сүтке сіңеді. Пиязды алып, ортасынан кесіп жеу науқасқа пайдасын тигізеді. Ал сүтті бір ас қасықпен 2-3 сағат сайын ішу де ем.
Лимонның шырынын шығарып алып, оны да дайын болған қоспаның үстіне қосып араластырады. Тұнба дайын болғанда 2-3 шай қасығымен 3-4 рет 10-14 күндей ішу қажет. Бронхитке қарсы жақсы емдердің бірі – қара шомыр (редька). Ол үшін шомырды үккіштен өткізіп, дәкеден сүзіп, шырынын шығарып алған жөн. Бір ас қасық сұйық бал қосып аралас- тыру қажет. Күніне тамақтанар алдында және кешке қарай екі ас қасық ішу керек.
Батпа Ережепқызы, дәрігер-инфекционист
– Бронхит негізінен 1-3 аптада толықтай жазылып кетеді. Жас балалар мен қарияларда ауыр өтетінін ескеріп, оларды күндізгі стационарда немесе арнайы бөлімде емдейміз. Үй жағдайында емделу үшін қатаң учаскелік дәрігердің бақылауында болуы керек. Себебі, науқас арқасына банка, кеудесіне қыша қағазын қойып, ауруды асқындырып алып жатады. Бронхиттің негізгі емі – антибиотиктер. Сонымен қатар міндетті түрде физиотерапия алу керек. Жеңіл түрде қарайтын дерт емес.