Бұл жас маман Баян Тайжанбаеваның күнделікті жұмыс күні. Бойжеткеннің құрылыс компаниясында еңбек етіп жүргеніне жылдан асты. Осыған дейін жұмыс іздеп табаны таусылған ару бүгінгі қызметіне «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының аясында қол жеткізді. Еңбегіне адал, ісіне бекем қызметкерді компания жетекшілігі де тез танып, тұрақты жұмыс орнына алды.
Бағдарламаның бірінші бағытындағы «әлеуметтік жұмыс» орны бойынша өткен жылы 3190 адам жұмыспен қамтылған. Ал «жастар практикасы» жүйесімен 3427 жас екі қолға бір күрек ұстапты. Яғни, 7 мың азамат жұмыс тапты деген сөз. Бұл жалпы жоспардың екі есеге орындалғанын көрсетеді. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша, кәсібін дөңгелетемін деген 18 тұлғаға шағыннесие берілген. Ал үшінші бағыт негізінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 30 отбасыны алыс аудандардан көшіріп әкеліп, баспаналы еткен.
Жадыра Дәуренбеков, Шымкент қаласы «жұмыспен қамту» орталығының әкімшілік бөлімінің бастығы: «Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша жіберілетін азаматтарға 6 ай бойында 50 пайызы бюджеттің есебінен, 50 пайызы жұмыс беруші мекеменің есебінен кетеді. Бюджеттен біз 26 мың теңгеден төлеп отырмыз оларға. Қалған 26 мың жұмыс беруші береді. Сонда олардың ең төменгі жалақысы 52 мың теңге болады. Одан жоғары жұмыс беруші көтерсе біз де бюджеттен сол пайызда көтеріп, айлығы сол пайыздай көтеріліп кете береді.
Жағдайы төмен отбасынан шыққан азаматтарды жұмыспен қамту үшін орталық оларды арнайы кәсіби оқытуға да жіберіп келеді. Жұмыспен қамту орталығы биыл да екі қолға бір күрек табатын азаматтардың санын 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін орталық Шымкенттегі 150 мекемемен келісімге келген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=dpbFI3zc8Uk[/youtube]