Таяуда Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы да облыс әкімінің алдында есеп берді. Оның берген мәліметінше, 2012 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 246,2 млрд теңгеге жетіп, 2011 жылдан 38,0 млрд теңгеге ұлғайып, нақты көлем индексі 109,0% құрапты. Бұл республикалық көрсеткіштен 26,7% артып, республикада ОҚО алғашқы орынға шығыпты.
Елбасының әрбір сала бойынша жыл сайын ішкі өнім көлемінің өсімін кемінде 7% ұлғайту тапсырмасының облыстық ауылшаруашылығы саласында өз деңгейінде орындалғандығын көрсетеді.
2012 жылы ауылшаруашылығы дақылдарының егіc көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 9,0 мың гектарға артып, 742,2 мың га орналастырылған. Оның ішінде майлы дақылдар 122 мың га, бақша 54 мың га, көкөніс 32,5 мың га, картоп 15,0 мың га, мал азықтық дақылдар 183,0 мың га, мақта 145,0 мың гектарға орналастырылып, жеміс-жидек дақылдарының көлемі 17,5 мың га, жүзімдіктер 9,0 мың гектарға жеткен.
Өткен жылы ауа райының қолайсыз болуына қарамастан облыста тәуелсіздік алғалы бері болмаған 1100,0 мың тонна бақша өнімі жиналған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 353,0 мың тоннаға артық. Сонымен қатар 380 мың тонна мақта, 242,0 мың тонна картоп, 750 мың тонна көкөніс, 78 мың тонна жеміс-жидек, 51,2 мың тонна жүзім жиналыпты.
Сондай-ақ облыста «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде әзірленген «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2012 жылы 4200 ІҚМ алу межеленіп 5289 бас ІҚМ алынып, меже 126% орындалған. Бордақылау алаңдарын ашу бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Сайрам ауданынан «1000 басқа бордақылау алаңын салу» жобасы қаржыландырылыпты. Ал Агроқұрылымдар өз қаржылары есебінен сыйымдылығы 6937 бас ІҚМ мал бордақылау алаңдарын ашқан.
Қазіргі таңда облыста 198 бірлік қолдан ұрықтандыру бекеттері жұмыс жасайды екен. Ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда ұрықтандырылған ІҚМ саны екі есеге артып 130,0 мың бас ІҚМ қолдан ұрықтандырылған. Бұл жалпы аналық ІҚМ 36%-ын құрайды. Облысымызда жалпы жылдық қуаттылығы 20,6 мың тонналық 27 ет өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, қуаттылығы 115 мың тонналық 31 сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, қуаттылығы 98 мың тонналық 38 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс жасауда.
Суармалы жердің көлемін ұлғайту мақсатында облыс бойынша 2012 жылдың басында аудан, қалалардан қосымша 292 мың га суармалы жерлерді айналымға қосу мүмкіндігі анықталып, іс-шаралар жоспары әзірленіп, биылғы жылы 20,3 мың га суармалы жер қосымша айналымға қосылған. Қалған жерлер кезең-кезеңімен 2015 жылға дейін айналымға қосылатын болады, – дейді басқарма басшысы.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Ал осы кезде…
Өткен аптада ОҚО әкімі А.Мырзахметовтың алдында Қаржы басқармасының бастығы Роза Исаеваның да есебі тыңдалған болатын. Бірақ белгісіз бір себептермен бұл есепті тыңдауға журналистер қатыстырылмады. Бұл жиыннан тілшілер қауымын түгел сыртқа шығарып жіберді. Неліктен бұлай болғанын ешкім білмей отыр. Журналистерді қатыстырмағанына қарағанда Қаржы басқармасының бастығы облыс әкіміне көптің білуіне болмайтын құпия сандарды тізбектеп берген шығар деген ойда қалдық. Әйтпесе есеп деген жариялы түрде өткізілуі керек еді. Тіпті Елбасының қатысуымен өтетін Қауіпсіздік кеңесінің отырысы да мұндай жабық есік жағдайында өтпеуші еді. Облыс әкімінің бұл мінезі халыққа да, құлағына жетсе Елбасыға да ұнай қоймасы анық.
Қанатбек Оспанбеков, ОҚО Ауыл- шаруашылығы басқармасының бастығы
– Соңғы жылдарда облысымызда озық технологиялар тамшылатып суғару әдісін өндіріске ендіру мен жылыжайлар кешендерінің көлемін ұлғайтуда үлкен нәтижелерге жеттік. Жылыжайлардың көлемі 2009 ж. 124,0 га құраған болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 4 есеге артып, жалпы көлемі 570 гектарға жеткен. Осылайша бұл республикалық көрсеткіштің 87%-ын құрап отыр. Осы жылыжайлар есебінен 2012 жылы 150,0 мың тоннаға жуық көкөніс өнімі өндірілгенін де айта кеткім келеді. Жеміс-көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы соңғы үш жылда 34,0 мың тоннадан 177,0 мың тоннаға дейін немесе 5 есе ұлғайды.