– Жаңа жыл мерекесін ерекше тойлауға тырысамыз. Менің өмірімде екі бірдей ерекше Жаңа жыл өтті. Алғашқысы 1981 жылғы Жаңа жыл. Алматыда студент болып жүрген кезіміз. 81-дің Жаңа жылын біз қарсыз қарсы алдық. Енді ол кездері қыс қатты болатын. Әр жылды сықырлаған аязда қарсы алған бізге қарсыз Жаңа жыл бір жағынан қызық та болды. Содан кейінгі 1999 жылғы Жаңа жыл мен үшін ерекше өткені есімде. 1998 жылдың соңында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі мемлекеттік қызмет департаментінде қысқарту болып, 4 айдай жұмыссыз жүргенмін. Ырымшыл қазақпыз ғой, «жұмыссыздығым Жаңа жылға ұласып кетпесе» деп жүргенмін. 31 желтоқсан жұмыс күні болатын. Дәл сол күні әкімнің Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар жөніндегі басқармасының бастығы болып жұмыс жасау туралы бұйрығын алдым. Жұмыс мәселесі шешіліп, көңіліміз орнына түсіп, Жаңа жылды ерекше қарсы алып едік сол кезде.
– Мен Жаңа жыл мерекесіне ерекше дайындаламын. Бұл мерекенің мен үшін маңызы зор. Әрдайым отбасыммен қарсы аламын. 2010 жылы қызымыз дүниеге келді. Сол жылы қарсы алған Жаңа жыл мерекесі мен үшін ерекше болды. Мен алғаш рет ана болып, Жаңа жыл мерекесін тойладым. Кішкентай Әмина да бізбен бірге алғашқы Жаңа жылын қарсы алған. Биылғы Жаңа жыл да біз үшін ерекше мейрам болды. Ұлымыз дүниеге келді. Мерекелік дастарқанда өз отбасымыздан төртеуміз болдық. Бұл мен үшін үлкен қуаныш.
– 31-і мен үшін кезекті күнтізбелік күн ғана. Бұл күні жаңалықтар шығады. Соған дайындаламыз. Күндегідей қарбалас. Одан кейін үйге қайтамыз. Жалпы, мен Жаңа жылға мән бермейтін қазақтарданмын. Бала кезімнен Жаңа жылды басқалар сияқты қатты күтіп, болмаса ерекше шаттанып көрген емеспін. 31 күні сағат 10-нан бастап ұйықтап қалуға тырысатынмын. Содан ертесіне сағат 10-да тұрып, мен бір жыл ұйықтадым деп мақтанатынмын. Менің бала болып Жаңа жылды қарсы алатыным осы ғана…
Сыр суыртпақтаған – Мақпал РЫСБАЕВА