Елбасы Н.Назарбаев соңғы Жолдауында Қазақстандағы адами капиталдың сапалы өсуін білім берумен ұштастырған болатын. Осыған орай кентаулықтар Жолдауға қолдау көрсетіп жатыр. Кентау – өндірісті қала. Бір саланы әртараптандыруға арналған шаһарда жастардың техникалық білім алуына ерекше ден қойылған. Қоғамның сұранысына қажетті мамандар дайындауға жан-жақты жағдай жасалған.
Шағын шаһардағы №7 кәсіптік лицейде оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологиялар енгізілген-ді. Ондағы жастардың кәсіби білім алуына толық мүмкіндіктер жасалған. Аталмыш кәсіптік лицейдің оқушысы Жансая Әділбай Елбасының жастарға, олардың кәсіби маман болып шығуына көп көңіл бөліп отырғанына риза екенін айтады. «Біз оның шарапатын көріп жатырмыз. Мен оқитын №7 кәсіптік лицейде заманауи құрал-жабдықтар толық жабдықталған. Мен бұған өте ризамын. Қазір тігінші мамандығын алып жатырмын. Болашақта өз мамандығымның нағыз шебері болғым келеді», – дейді.
Білімнің ең биік мұраты – тәжірибе. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру үшін оқушылар осы уақытқа дейін өндіріс орындарына шапқылайтын. Енді ең соңғы үлгідегі қажетті құралдар сатып алынып, техникалық база жаңартылды.
Кәсіптік лицейдің аға шебері Мамытай Көбейұлының айтуынша, бұрындары оқушыларды үйрету кезінде станоктардың ескілігінен қиындықтар туындап келген. Қазіргі таңда мемлекеттің қамқорлығы арқасында жаңа дәнекерлеу станоктары, тігін машиналары, эксковатор үйренетін кабиналар әкелініпті. Осы арқылы білікті маман даярлауға мүмкіндік туып отыр, – дейді ол.
Мейрамбек Күнпейісов, Кентау қаласындағы №7 кәсіптік лицейдің директоры
– Президентіміздің техникалық білімді жетілдіруге арналған бағдарламасына сәйкес, бізде 25 млн теңгеге техникалар мен станоктар алынды. Оқушылардың саны артып келеді. Бізде бітірген балалар түгел жұмысқа орналасып жатыр. Біздің түлектер шағын қала бағдарламасына қатысуға мүмкінігі бар.
Қаладағы еңбек мекемелері мен лицей арасында меморандум жасалыпты. Кәсіпорындардың сұранысына сәйкес, даярланған мамандар толық жұмыспен қамтылуда екен. Себебі, үйренушінің білім ошағында техникаларды өзі қолданып, өзі өнім шығаруы басты назарда.
Ғалымжан Тойшиев