Енді өңіріміздің кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік туды. Олар заманауи технологиялар арқылы өз кәсібін дөңгелетуге жаңа мүмкіндік алып отыр. Оларға сенсорлық экрандар көмекке келмек. Облыстағы кәсіпкерлерді қолдау орталығы инновациялық жобаны іске асырып жатыр. Оның аясында сенсорлы экрандар түкпір-түкпірге орнатылады. Қазірдің өзінде Шымкентте 40 экран бар. Кәсіпкерлердің қолдау орталығының басшылығы аталмыш жоба туралы барлық ақпаратты алу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ дейді.
«Біздің облыста жаңа жоба қолға алынды. Ол — өзіңіздің тауарыңыз немесе қызметіңіз жайлы ақпаратты интерактивті мониторға орналастыру. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын жандандырудың бір әдісі болып табылады», — дейді кәсіпкерлерді қолдау орталығы директорының орынбасары Асқар Абубакиров.
Бақыт Әлжанов — тәжірибелі кәсіпкерлердің бірі. Өз ісін ашқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Орталыққа кеңес алу үшін келген ол өз кәсіпорнының мүмкіндігін мына сенсорлы экрандардың көмегімен аттыруға болатынын білді. Басқа қалаларда жүріп осындай жарнамалармен таныс болғанымен, дәл Шымкентте алғаш рет қолданысқа енгізілгенін айтады.
«Мен кеше ғана Астанадан ұшып келдім. Ондағы әуежайда осындай экрандар орнатылған. Ал біздегі жаңалықтың айырмашылығы сол — тек жарнама ғана емес, қызмет түрлері туралы ақпаратты көріп тұрмын», — дейді кәсіпкер Бақыт Әлжанов.
Бұл жобаның ерекшелігі тікелей байланыста жұмыс істеуінде болып тұр. Кез келген адам он-лайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысында өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер жайлы ақпаратпен таныса алады. Қажет болған жағдайда оларды картадан да табуға алады. Алдағы уақытта мұндай экрандар бүкіл облыс көлемінде орнатылу ісі жоспарлануда. Қазірдің өзінде осы экрандарға өзінің ісі жайлы жарнама жасауға 150 кәсіпкер қызығушылық танытып отыр.