Шымкенттегі №13 мектептің оқушысына қол көтерген дене тәрбиесінің мұғаліміне қатысты істің соңы күтпеген жағдаймен өрбіді. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлімдеді. Педагогқа қатысты қылмыстық іс қозғалмаған, тек мұғалім жұмыссыз қалғаны болмаса. Еске сала кетейік, бұл жағдай өткен жылдың қараша айында болған.
Сабақ үстінде қатарласымен тілдесіп тұрған Бейбарыс Жақаев ұстаздың ашуын туғызады. Шын ашуға мінген дене тәрбиесінің мұғалімі оқушыны жұдырықпен қойып қалып, құлағының жарғағын жарып жіберген. «Мұғалім маған сабақта сөйлесуге болмайды деп ескерті жасап, ұра бастады. Көкірек тұсыма, басыма ұрды. Мен құлап қалып, қайта тұрдым. 8-ші,9-шы жұдырықтан соң құлағым естімей қалды. «Ағай менің құлағым естімей қалды деп шырылдағаныма мұғалім қараған жоқ, ұра берді»-дейді №13 мектептің оқушысы Бейбарыс Жақаев. Оқушының анасы Нұржан Жақаева полицияға шағымданған. Бірақ педагоқа қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Оның іс әрекетінен қылмыс элементі жоқ деп танылған.
Сот медициналық сараптамасының нәтижесі баланың денсаулығына келтірілген зиянсыз деп таныған. «Әл-Фараби аудандық полициясы Шыңғысбаевқа қатысты әкімшілік іс қозғап, мамандандырылған әкмішілік сотына жолданды. Өткен жылы 12 желтоқсан күні екі жақтың бітіге келуіне байланысты іс қысқартылды»-дейді облыс прокурорының орынбасары Батыржан Жәнібеков.
Облыс прокуратурасының берген мәліметіне сүйенсек, шәкіртіне қол жұмсаған педагог жұмыстан босатылған.