Шымкентте ашылған Назарбаев интеллектуалды мектебіне облыс бойынша ниет еткен талапкерлердің үштен бірі ғана сынақтан өтті. Егер бұл мектепке түсуге үміттенгендердің сабақты жақсы оқитындар екенін ескерсек, үздік деп мақтаған оқушылардың масқарасы шығып қалды. Оларды оқытып жүрген ұстаздардың да сауаттылықтары белгілі болды. Нағыз білімділерге арналған Президенттік мектепке іріктеудің соңы Оңтүстіктегі білімнің деңгейін айқындап берді. Сорақысы сол, сынақ тапсырған 2 мыңнан аса оқушының бірде-бірі ең жоғарғы балды жинай алмаған.
Оқушылар да өздерінің мұндай нәтиже көрсететінін ойламаса керек. Содан да болар жаппай апелляциялық комиссияға шағымданғандар көп болды. Бірақ ұпайды түгендеу барлығына бұйыра қоймады. Айта өтейік, облыс бойынша 4 028 шәкірт бірінші сынақ бойынша тест тапсырып, физика-математика бағыты бойынша 1 369 бала, химия-биология бағыты бойынша 887 оқушы екінші сатыға көтерілген. Екінші сынақ бойынша 2 256 оқушы бақ сынап, оның мыңға жуығы шектік балын жинаған. Алайда бөрікті аспанға лақтыруға ерте. Кімнің бағы жанғанын республикалық комиссия шешеді екен. Олардың айтуынша, емтиханнан өткендер әзірге өз мектебінде білімін жалғастыра береді. Аймақтық сынақ аяқталғанымен алда әлі республикалық комиссияның қарауы бар. Сол жерде мемлекеттік «Өркен» гранты бөлініп, Назарбаев мектебінде оқитындар нақты анықталады.
Сынақтан толық өтіп, бағы жанғандар қайда барып оқиды? Қазір ата-аналарды осы сұрақ мазалауда. Себебі, Шымкентте екі бірдей зияткерлік мектептің құрылысы былтырдан бері жүріп жатқанымен, ол ғимаратты әлі пайдалануға берген жоқ. Құрылысы тіпті биыл емес, келер жылы бітсе де қуаныштымыз дейді мамандар. Сонымен олар қайда оқымақ? Әзірге бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Болған жағдайда да ол туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің ресми сайтынан ғана оқып, танысуға болады екен.
Бұл сынақ, қайталап айтайық, мұғалімдердің білім беру деңгейін айқындап бергені анық. Оның үстіне облыстағы мектептердің кілең озат оқушылары сынақ тапсырғандықтан, оқуға қабылданған күнде де білім ұясының қаймақтары Назарбаев мектебіне кетіп қалса, ол мектептің деңгейі ҰБТ-да тағы да төмендері сөзсіз. Осыны бетперде етіп, талапкерлерді Назарбаев мектебіне жібергісі келмеген мектептер болғанын да жасыруға болмас. Соның айғағы болар, Назарбаев мектебіне үміткерлер арасында аудандардан, шалғай ауылдардан келген оқушыларды кездестіру қиынға соқты. Бірен-саран Мақтарал, Сайрам аудандары мен Кентау қаласынан болмаса, жаппай барлық ауданнан келген оқушыларды көрмедік. Ата-аналар арасында да «жарнама аз болды, біз кездейсоқ естіп қалдық, неге барлық мектептерге хабарландыру ілінбеген» деп ренжігендерді естідік.
ТҮЙІН:
Масқарасы сол, Назарбаев мектебіне түсу үшін облыстағы «Дарын» мектептері мен тереңдетілген білім беретін мектеп-гимназия, лицейлердің де оқушылары бағын сынап көрген. Олардың да қол жеткізген нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Сонда біздің мұғалімдер ұл-қызымызды қалай оқытып жүр?
Ардақ Жақсылықова
Жанар Жаманқұлова, Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ департамент директорының орынбасары
– Зияткерлік мектепке түскен оқушыларға өзіміз хабарласып, оқытатын кезде өзіміз жинап аламыз. Ал сынақ көрсеткіші бойынша айтарым, жоғары балл жинаған оқушы жоқ. Шектік балдан өткенімен жарқырап көзге түскені болмады. Біз Оңтүстіктен жоғары нәтиже күткенбіз. «Жіберіледі» дегенмен оның нүктесін республикалық комиссия қояды. Мысал үшін, биология саласы бойынша ашылатын төрт қазақ сыныбына 96 оқушы аламыз, ал бізде өткендер 3000-нан асады. Сондықтан «Өркен» гранты кімге беріледі, оны Білім және ғылым министрлігі шешеді.
Балқан Қасымов, комиссия төрағасы
– Жетінші сыныптардың көрсеткіші өте төмен. Әсіресе, биология пәні бойынша білімдері нашар. Жалпы 60 балл жинаған ешкім жоқ. 50 балл да санаулы ғана. Осындайда жетінші сыныптардың мұндай додаға дайын еместігін бірден аңғаруға болады. Оңтүстіктен мұндай нәтиже күткен жоқпыз.