Шақпақ ауылы
Шақпақ ауылы
Шақпақ ауылында қазір 40-45 см қар жатыр

Шыңылтыр аяздағы Шақпақ ауылы. Естеріңізде болса, өткен жылы дәл осы уақытта Бәйдібек ауданындағы елдімекен қар құрсауында қалып қойған болатын. «Арыстанды-Қарабас» желі боран көтеріп, әп-сәтте ауылды қарға көміп қойған-ды. Қора-қопсы, тұрғын үйлерді қосқанда 53 нысан ақ ұлпаға көмкерілді. Сөйтіп, шыңылтыр аяз Шақпақ жұртын қыспаққа алған еді.

Биылғы қыстың да қылығы былтырғыдан қалыспақ емес. Қазір Шақпақ ауылында 40-45 сантиметрлік қар жатыр. Жел айдап әкелген жерлер одан да биік. Бірақ былтырғыдай ауыл жұрты әуреге салынған жоқ.

Марат Мыңбаевтың да баспанасы былтыр қар құрсауында қалып қойған болатын. Үйінен шыға алмай қалған отағасы боран басылған бойда 5 баласымен күрек күшімен тазалап отырған. Сөйтіп, бір апта бойы баспанасын әрең дегенде қардан аршып алады. Соның өзінде қорасының төбесі қалың қардан қирап қалды. Үйін де ақ ұлпа көмкеріп қойды.

Қазір Марат қорасының шатырын жаңартып қойыпты. Бірақ бәрін түгелдей емес. Үйінің төбесі қирауға шақ тұр. Дегенмен ауыл билігі боранға сақадай саймыз дейді. 5 бірдей трактор қалың қарды аршуға әзір. Бірақ бұл техникалардың «Нұрила» шаруа қожалығында қаңтарылулы тұрғанын байқадық. Техниканың өзі қардан тазартылмаған. Олардың көптен бері жүргізілмегенге ұқсайды. Ал біреуінің тіпті, қозғалтқышы қирап, жөндеу сұрап тұр. Трактор иесі оны бір күнде іске жарамды етуіме мүмкіндік бар деп ақталды.

Былтыр бораннан бас көтере алмаған жұрт облыс әкімінің бастамасымен тал-дарақтар отырғызыпты. Ауылды былтырғыдай апаттан сақтап тұрған да сол. Ал тағы әріде аудан әкімінің көмегімен де біраз көшет жерсіндірілген. Бірақ жас өскіндер үскірік желдің айдап әкелген қарын тоқтатуға қауқарсыз. Өйткені оның біразы қурап, құлап қалған. Жергілікті жұрт әлі де болса сол көшеттердің көмегіне үміт артады.

Сөйтіп, Шақпақтықтардың қысқа дайындығы қарық болып тұрғаны жоқ. Көшеттерінің құлағаны анау болса, техниканың түрі мынау. Ал алда тағы бір жарым ай қыс бар. Дегенмен, ауыл жұрты қыс қахарына мінбесе екен деп тілеп отыр.