Шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы — Шымкентте

466
Жансая өзінен әлдеқайда үлкен 7 қарсыласпен бір уақытта шахмат ойнаған болатын. Ел чемпионатында ол Гүлісханға есе жіберіп алды

Жаңа жылды туған жері — Оңтүстікте қарсы алған Жансая Әбдімәлік қаңтардың жиырмасына дейін Шымкентте болуды жоспарлап отыр. Осы уақыттың ішінде күнделікті жаттығуларынан бөлек бірер турнирге де қатысатын әлемнің төрт дүркін чемпионы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтында шеберлік сабағын өткізді. Тек студенттер ғана емес, оқу орнының аға ұстаздарымен шахмат ойнаған Жансая қарсыластарының барлығынан басым түсті.

Ұзаққа созылмаған тартыстан соң оқу орнының ұстаздары, студенттері мен жиналған қауым Қазақты әлемге танытып жүрген спортшы қызбен дөңгелек үстел басына жиналып, тілдесті. Жиын соңынан ректор Оңалбай Аяшев бастаған ОҚПИ-дің басшылығы Жансаяға ноутбук сыйлады. Оған қоса оқу орнының арнайы ай сайынғы сыйақысы тағайындалды. Жағымды жаңалықтардың тағы бірі — алдағы уақытта оқу орнында Жансаяның атындағы шахмат клубы құрылмақ. Онда студенттер интеллектуалды ойынның қыр-сырымен танысып, терең жаттыға алады.

Жансая өзінен әлдеқайда үлкен 7 қарсыласпен бір уақытта шахмат ойнады
Жансая өзінен әлдеқайда үлкен 7 қарсыласпен бір уақытта шахмат ойнады

Бар болғаны 12 жасында шахматтан әлемнің ең жас спорт шебері атанған Жансая өзінің алдағы жоспарымен бөлісті. «Басты мақсатым — әйелдер арасындағы әлемнің ең жас чемпионы және ең жас гроссмейстері атану» деген ол үстіміздегі жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылатын әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып жатқанын айтты.