Даланың дара тұлғасы Абылай ханның туғанына — 300 жыл. Қаламызда ел қорғаны болған ханға арналып тарихи-танымдық кеш өтті. Өмірінің соңғы сәттерін Оңтүстікте өткізген билеуші Арыс өзені жағасында қайтыс болған. Сүйегі Түркістан қаласындағы А.Яссауи атындағы кесенеде жерленген. Ата кетейік, Абылай хан Қазақстан тарихындағы көп балалы хандардың тізімінде. Анығырақ айтсақ, 12 әйелінен 40 қыз, 30 ұл бала сүйген.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасында үш жүзге ортақ хан болған, аса көрнекті қайраткер, қолбасшы және дипломат, дарабоз тұлға Абылай ханның өмірі мен ерлігі туралы мағлұматтар айтылды. Осылайша қаламыздағы 8-11 сынып оқушылары өзара екі топқа бөлініп сайыс ұйымдастырды. Дода Абылай ханның өміржолы турасында өрбіді. Толығырақ айтсақ, сайыстағы сауалдардың барлығы да осы ханның өмірбаяны мен ерлігі бойынша дайындалған. Ал жарыстың алғашқы айналымындағы 10 сұрақтың барлығын дөп тапқан Индира Ұзақбаева болашақта Абылай ханның өміріне ғылыми зерттеу жұмысын қолға алатынын айтады.
Индира Ұзақбаева, №7 Қ.Спатаев мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы: «Тарихшылар менің ойымша, Абылай ханды терең зерттей алған жоқ. Себебі, Абылай хан жайында зерттелгендерден гөрі зерттелмеген мәліметтер басым! Сондықтан болашақта толығымен зерттегім келеді. Мәселен, бір деректерде оның 30 ұл баласы, 40 қызы бар деп көрсетіледі. Енді бірінде 72 деп көрсеткен. Расында қанша ұрпақ қалған артында осының анық-қанығын білгім келеді. Сосын оған Төлеби осы ерлікті, батырлықты үйретті ғой. Өмірге деген көзқарасын үйретеді. Сондықтан осы Төле би мен Абылайханның қарым-қатынасын, айтылған уәждерін білгім келеді. Осыны зерттеймін болашақта, ал дәл қазігі уақытта біздің тарих Абылай ханды толығымен зерттеуге ден қоюы керек сияқты».
Мектеп оқушылары арасында Абылай ханға арнау жазғандары да болды. Бір топ оқушы ортаға шығып, «Хан ием бабам Абылай» тақырыбы аясында өлең-жырларын ұсынды. Ал кеш қонақтары Абылайдың ел арасындағы құрметіне де тоқталды.
Қайрат Анарбай, тарих ғылымдарының доценті: «Әрине, жастардың осылай белсенділік танытып,
бабасын еске алуы орынды ғой. Алайда бір өкініштісі сол — қаламызда ешбір көшеге осы ханның есімі берілмеген. Үлкен даңғылдар берілсе құба-құп деп ойлаймын. Себебі өмірінің соңғы уақыттарын да осы Оңтүстікте өткізгенін ескерсек, Абылай хан рухына біз лайықты құрмет көрсетуіміз қажет қой. Осы жағы жанымызды қылжылтады. Осы облыс, қала басшылары осыны ескеріп, қолға алса деген ұсынысымыз бар! Ал Абылайханның өміржолы жайында айтар болсам, осы тәуелсіздік турасында ой қозғалса , міндетті түрде Абылай хан есімі ерекше аталады. Мәселен тарихта «Қазақ-жоңғар» шапқыншылығы ойып тұрып орын алған. Осындай ел басына кун туған заманда, жоңғарды жоюда, жалпы жоңғар мемлекетін түбегейлі жоюға атсалысқан ірі хандарымыздың бірі осы Абылай хан. Осы тарихшылардың ішінде Сәбит Жолдасов деген азаматтың қалам тартып жүргені — көзі қарақты оқырманға таныс боулы керек. Бір айта кетерлігі — бүгін енді 300 жылдығы ханның деп атап өтіп жатырмыз ғой. Тарихта бұл келіспеушіліктер бар. Себеб бір жазбаларда Абылай хан 1711 жылы дүниеге келді деп жазылса, енді бірінде 1713 деп жазылады. Дегенмен бәрібір осы жылдар Абылай ханның 300 жылдығы екені анық».
Айта кетейік, биыл алты Алашқа аңыз болған Абылай ханның 300 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіледі деп күтілуде. Ал Шымкент қаласының үлкен көшелеріне ел қорғаны болған ханның есімі беріледі деген үміт те жоқ емес.