Созақтықтар сары уайымнан айрылды

348
Шатырлар толық қалпына келтіріліп болған соң, қар жауыпты
Таукент
Таукент

Созақ ауданында дауылдан зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар толық жөндеуден өтті. Облыста арнайы құрылған он төрт мың адамы бар ерікті құрылыс отряды мен жиырма мердігер компания зардап шеккендерге көмек беруде жұдырықтай жұмылды деп ауылдықтар ризашылығын білдіріп жатыр. Қазір келтірілген шығынның орнын толтыру үшін құжаттар түгенделіп жатыр.

Созақ ауданындағы қатты дауылдың салдарынан үйлердің шатырлары ұшып, терезелері сынған еді. Ол баспаналардың басым көпшілігі Қаратау етегінде орналасқан Таукенттіктер болатын. Көршілес аудан, қалалардан келген құрылысшылар тұрғындарға көмек көрсетті.

Тәттігүл Асылбекова, Таукент поселкесінің тұрғыны: «Дауылдың салдарынан үйімнің төбесі, қора-қопсы, асханамның төбесі ұшты. Әкімге барып арыздаып,асыраушым жоқтығын айттым. үйімнің төбесіне шифр берді. Жетісайлық мектептен келген үш жұмысшы үйімнің төбесін жауып берді».

Мүсілім Қасымов, Созақ ауданының тұрғыны: «Шатырды өз күшімізбен істеп, үйімізді бітеп алдық. Уайым-қайғы жоқ бізде. Ендігісі әкімдердің берем деген көмегін күтіп отырмыз. Документтерді өткіздік».

Шатырлар толық қалпына келтіріліп болған соң, қар жауыпты
Шатырлар толық қалпына келтіріліп болған соң, қар жауыпты

Дауылдан келген шығын көлемі 820 млн. теңгені құрап отыр. Оның орны толық толтырылмақ. Құжаты жоқ үйлерді қаржыландыру мақсатында құрылған облыстық және аудандық қорға 160 млн.теңгеден астам қаржы жиналған.

Қабылбек Еспенбетов, Созақ ауданы әкімінің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі аудандық штаб төрағасы: «Құжаты жоқ отбасыларға қордан жиналған қаржы арқылы тікелей көмек берілетін болады. Облыс әкімінің тапсырмасы дер кезінде орындалып, зардап шеккен тұрғын үйлермен  нысандар толық жөндеуден өтті. Қазіргі таңда арнайы комиссия, ауылдардан топтар құрылып құжаттарды түгендеу мақсатындағы жұмыстарды күні-түні жүргізіліп жатыр».

Төтенше жағдайдың зардабын жою мақсатында аудандық бюджеттен де 111 млн. теңге қаржы қаралған.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=8vqjsN06NCU[/youtube]