Соңғы кездері облыста соттардың жұмысы мен судьялардың әрекетіне қатысты сын-ескертпелер аз айтылып жатқан жоқ. Білдей Елбасы сенімімен тағайындалса да өз мүддесі үшін заңды кез келген тарапқа бұра қоятын қазылардың қарекетіне қайран болмай тұр. Солақай әрекеттерімен қоса судьялардың жұмыс жүктемелері де жыл сайын артып келеді. Артық жүктемемен судьялар тағы бір жылды артқа тастады. Өткен аптада ОҚО соты жылды қорытқан кеңейтілген мәжілісін өткізген болатын.
Бүгінде мемлекет тарапынан соттың ашықтығы мен судьялардың әділдігін қамтамасыз ету мақсатында тың қадамдар жасалып жатыр. Қазір тіпті сот залдарына бейнекамералар да орнатылған, ол арқылы судьяның отырыс кезіндегі қам-қарекеті қатаң қадағалауда болады. Соған қарамастан қара қылды қақ жаруға тиісті қазылардың құйтырқы қылықтары құрық байлататын емес. Өткен жылдың өзінде облыста сегіз бірдей судьяға сөгіс берілсе, енді біреулері Елбасы жарлығымен қызметпен қоштасқан. Әрине, көлемді жүктеменің де жұмыс барысына кері әсері ететіні белгілі жәйт. Салдарынан кейбір сот отырыстары кешеуілдеп басталады. Ал кейінге қалдырылған істер қатары да қордалана береді. Бүгінде облыс соттарындағы қалдық істер қатары 2 мыңнан асып жығылады. Есесіне, судьяларға жүктелген жұмыс көлемі шамадан екі есеге артық.
Сонда да болса соттағылар азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды қараусыз қалдырмауға тырысамыз деп отыр. Өткен жылы облыс соттарының қарауына 26 мыңнан астам әкімшілік іс келіп түскен болса, оның 24 мыңға жуығы өндіріспен аяқталған. Сот қызметкерлері алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 9739 іске артық екенін айтады. Жалпы, өңірде сот жүйесінің жетілдіру мақсатында тындырылып жатқан тірліктерде аз емес. Сондай-ақ облыста «Медиация туралы» Заңының да қолданылу аясы кеңейіп келеді. Өткен жылы медиаторлар біршама істерді бітімгершілікпен аяқтаған.
Мақпал РЫСБАЕВА
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VShPNveSUNM[/youtube]