Жақында «Британ сарапшылары Қазақстанды ХХІ ғасырдағы даму қарқыны ең жоғары 25 елдің қатарына кіргізіпті» деген ақпаратты оқып, телпегімізді көкке атардай қуандық. Дегенмен, ел экономикасы қарыштап дамып бара жатса да, өкінішке қарай соншалықты сауатсызданып бара жатқандаймыз. Басқасын айтып қайтеміз, өз ана тілімізді сауатты меңгере алмай отырғанымыздың өзі-ақ жетіп жатқан жоқ па?!
2012-2013 оқу жылында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің 39,1%-ы, орыс тілі пәні мұғалімдерінің 28,4%-ы, ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің 21%-ы, неміс тілі пәні мұғалімдерінің 7,4%-ы, өзбек тілі пәні мұғалімдерінің 19,8%-ы сырттай оқу түрін бітірген
Әрине, Елбасы Жолдауында айтылғандай 2025 жылы латын әрпіне көшсек, мемлекеттік тіл мәселесі толық шешіледі деп жүргендер бар. Дегенмен бүгінгі мектептердегі қазақ тілін оқытудың мәселесі көңіл көншітпей отыр. Неге? Бар мәселе кейбір мұғалімнің өзінің сауатсыз болуынан шығуда. «Тіл үйрену балабақшадан басталады» дегелі қанша жыл. Тілді үйретер ұстаз балабақша меңгерушісіне, мектеп директорына пара беріп, туыстықпен орналасып алып, сосын ғана сырттай бөлімде білім алса, сессиясын да «парамен» тындырып келіп жатса, ондай ұстаздың шәкірті қалай сауатты бола қойсын?!
Сайрам ауданында қазақтың 120 баласы өзбекше оқиды. Көлкент ауылында – 51, Манкент ауылында – 37, Сайрам ауылында – 11, Қарасу ауылында – 7, Қаратөбе ауылында – 5 , Арыс ауылында – 4, Жібек жолы ауылында – 4, Қарамұрт ауылында – 1 бала өзбек сыныбына барып жүр.
Облысымызда 534 195 оқушы болса, соның 57 918-і орыс мектептерінде білім алуда. Барлығы да өзге ұлттың ұл-қыздары емес, арасында қазақтың талай баласы жүр. Әрине, орыс мектептерінде қазақ тілі пәні бар, олар мемлекеттік тілді меңгермеуі мүмкін емес дейтін уәждер де табылар. Бірақ қазақтың ұл-қызы орыс, өзбек мектептерін таңдағаны дұрыс емес. Бұл ұлттық сананың әбден уланып біткені ғой. «Тілімізді, салт-дәстүрімізді ұмытып кететін болды» деп шеттен көшіп келіп, ұрпағының ұлттық санадан айырылып қалмауын күйттеп жүргендер барда, өз елімізде отырып, өзге тілді мектепке ұл-қызын жетектеп баруды түсіну қиын. Алайда, мұның түп-төркінінде «қазақ мектептерінде білім беру деңгейі төмен» дегендердің барын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтанда қазір ата-ана үйге жақын мектепті емес, мұғалімдері сауатты білім ордасын іздейтін болған.
Балқия Көмекбаева, ОҚО тіл басқармасының бастығы
– Оқушылардың жыл өткен сайын сауатсыз болып бара жатқанына расында да ұстаздардың тигізіп отырған ықпалы бар. Оны мойындау керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген М.Әуезовтың даналығын басшылыққа алатын болсақ, отбасында, балабақшада тіл үйрету, сауат ашу мәселесіне үлкен көңіл бөлген жөн. Ол үшін сырттай білім алып, мектепте мұғалім болып жүргендерден арылу қажет деп ойлаймын. Аудан, қала әкімдері мектепке баратын оқушылардың санына алдын ала талдау жасап, соған сәйкес жоғары оқу орындарына сұраныс жасаса.
Жоғары оқу орындары қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі мамандықтары бойынша оқитын болашақ ұстаздардың білімі мен біліктілігінің жоғары деңгейде болуын қадағаласа.
Аудан, қала әкімдері білім бөлімдері ұстаздарды жұмысқа қабылдар кезде біліміне, біліктілігіне, тілді меңгеру деңгейіне, жетістіктеріне басты назар аударып, үздік дипломмен бітірген мамандарды жұмысқа қабылдау міндеттелсе, студенттердің үздікпен оқуына ұмтылыс пайда болады, өзінің қажет маман ретінде жауапкершілігі артады.
Мұғалімнің сауатсыздығы туралы айтқанда, әсіресе ЖОО-да білімді сырттай оқып алатын мұғалімдерге баса назар аударған жөн. Оның ішінде жекеменшік оқу орындарында оқитындардан тіпті бойды аулақ салу керек.
Мына бір мысалға назар аударып көріңізші, 2012 жылы ҰБТ-ға қатысқан 26011 баланың білім көрсеткішін сараптағанда қазақ тілі пәнінен – 15,92 балл, орыс тілінен – 12,48 балл, ағылшын тілі пәнінен – 17 балл жинағаны белгілі болды. Бұл нені аңғартады? Үш тұғырлы тіл саясатын ұстанған ұрпағымыз ана тіліне емес ағылшын тіліне құмар болып алғандай. Оның үстіне ағылшын тілін сауатты әрі тез меңгеруіне көмектесетін білікті ұстаздар өте көп. Біліктілігі сонша талапкерлер қымбатырақ төлесе де ағылшынша сауатты болу үшін ақылы курстарды таңдауға құмбыл. Ал қазақ тіліне деген соншалықты қызығушылық жоқ. Ата-ана да «қазақшаны мектеп бағдарламасынан-ақ меңгеріп алады ғой…» деп жүрдім-бардым қарайды. Ал мектепте қазақ тілінен сабақ беретін ұстаздардың сиқы мынау:
Бәйдібектегі қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің 66,1%, Төлебидегі мұғалімдердің 60%, Сайрамдағы мұғалімдердің 56%, Отырардағы мұғалімдердің 55,1%-ы сырттай оқыған.
2011-2012 оқу жылында қазақ тілі пәнінен сабақ беретін 6238 мұғалімнің 42,4%-ы, орыс тілі пәнінен сабақ беретін 4447 мұғалімнің 27,1%-ы, ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін 3039 мұғалімнің 24,4%-ы сырттай оқу түрін аяқтаған.
Облыстағы 5 жоғары оқу орнында 408 студент қазақ тілі және әдебиеті (оның ішінде 145-сі сырттай), 62 студент орыс тілі және әдебиеті (оның ішінде 14-і сырттай), 884 студент екі шет тілі (ағылшын, неміс, оның ішінде 249-ы сырттай) мамандықтары бойынша білім алады екен.
Айтпақшы, біздің елде үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың да сиқы мәз емес. Мысалы, орыс тіліне шорқақ қазақтың балдары әсіресе Шәуілдірде, Бәйдібекте, Созақ пен Сарыағашта жиі кездеседі. Ағылшын тілінен де аталмыш аудандарда көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мысалы, былтырғы ҰБТ-да Сарыағаш ауданы қазақ тілінен ең төменгі – 14,44, орыс тілінен – 10 балл жинаса, Қазығұрт ауданы орыс тілінен – 10,87 балл жинаған. Бәйдібек ауданының түлектері ағылшын тілінен 14 балл алған. Сөйтсек, бұл аудандарда орыс, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдердің көбі сырттай оқып, диплом алғандар екен.
Баршагүл Исабек, ОҚМПИ-ның проректоры
– Негізі сырттай оқып білім алып жүріп, мектепте мұғалім болып істейтіндер ауыл мектептерінде өте көп. Сол себепті де ауылдағы оқушылардың сауатсыз боп келетіні ащы да болса шындық. Әсіресе, жекеменшік оқу орындарында сырттай білім алған маман ертең қандай мұғалім болары айтпаса да түсінікті. Материалдық базасы жоқ оқу орнында оқитын студент сессияға баратынына да күмәнмен қараймын. Мемлекеттік оқу орындарында сырттай оқитын студент тым болмағанда сессияға келіп, ұстаздың бетін көреді. Мұғалім қандай болу керектігін аңғарады. Бойын түзеуге әрекеттенеді.
Иә, жекеменшік оқу орындарында ғылыми атағы бар, білікті ұстаздар жоқ дей алмаймын. Олардың көбі мемлекеттік оқу орнында істейді де, жекеменшік оқу орнына қосымша табыс табу үшін барады. Ал жеке ЖОО-ны олардың ғылыми атағы үшін өздеріне «оқытушы» етіп алғанымен, сабақты ғылым кандидатының орнына магистр, аға оқытушы беріп жүргенін талай кездестірдік.
Өкініштісі сол, осындай ұстаздардың алдын көрген мамандар ауылға барып, мұғалім деген атқа кір келтіреді. Жуырда ауылдағы бір мектепте еңбек пәнінің мұғалімі ән-күйден сабақ беретінін естіп таң қалдым. Сол сияқты ағылшын тілінен орыс тілінің маманы, тарих пәнінің мұғалімі қазақ тілінен сабақ беріп жүргендер аз ба?!
Өз басым, болашақ мұғалімнің сыртқы оқу бөлімінде білім алуына түбегейлі қарсымын.
Орыс тілінен сабақ беретін мұғалімдердің Отырарда – 57,2%, Бәйдібекте – 52%, Қазығұртта – 37,5%, Арыста – 36,4%, Сайрамда – 34,4%, Созақта – 32,2%, Сарыағашта – 26,2%-ы сырттай білім алғандар.
Ағылшын тілінен сабақ беретін сырттай оқыған мұғалімдердің көбі Бәйдібекте – 65%, Сайрамда – 48,4%, Түлкібаста – 32%, Қазығұртта – 20%.
Ж. ШАЛАБАЕВА
Түйін:
Жалпы, ұрпағымыз білімді болсын десек, мұғалім дайындауда сырттай оқыту бөлімдерін түгел жабу қажет. (Сырттай оқып, білім алғандар мектепке барып, мұғалім болмауға тырысқаны жөн ғой). Ұстаз боламын, ұрпақ тәрбиелеймін, ұлттың сауатын ашамын деген азаматтар күндізгі бөлімде ғана білім алып, кемінде екі жыл іс-тәжірибеден өткен соң ғана диплом алуына рұқсат етілуі керек. Дәрігерлердің мамандық алуына қалай көңіл бөлінсе, ұстаздарға да сондай талап қойылғаны жөн. Бес, тіпті 7-8 жыл оқыса да сауатты болмайынша, мұғалімдік мамандықты бермеген дұрыс. Себебі, сауатсыз ұстаз бүкіл бір ұлттың болашағына балта шаппақ. Білімсіз, ғылымға ұмтылмайтын, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге даяр ұрпақ ұлттың ұстыны бола алмайды. Балаға берілетін білім ертеңге жасаған мықты негізіміз болуы қажет. Ал сол негізді сауатсыз ұстаз қалап жатса, «Бесобадағыдай» қирандының астында қалмасымызға кім кепіл?!