Тұмау тағы бас көтерді. Бұл дерт бұрыннан-ақ бар ғой, бірақ жаңа түрі шыққан сайын ауыздықтау қиындап, ажал құшып жатқан жұрт көп. Мәселен, кешегі аптада АҚШ-та індеттің ілмегіне ілінген 32 азаматтың арасынан 18 бала қайтыс болды. Алып елдің дәрігерлері азаматтарын аурудан арашалай алмай жатыр. Дәріге көнбейді, емге бағынбайды. Бар баққандары арнайы екпе жасату. Бірақ одан да қайыр болмай жатыр білем. Сонымен тұмау қалай пайда болады?
Тұмау вирусы өміршең…
Негізі тұмаудың вирусы ауадағы белсенділігін 4 сағатқа дейін сақтайды. Вирустар төмен температураны өте жақсы көреді. Дәлірек айтсақ, +4°С-та вирус оңтайлы дамып, түрлі шеңбершелі ошақтар құрайды екен. Әсіресе адам денесінің қалыпты температурасында дамуын үдете түседі. Мәселен, ауру адам кеңсе ішінде жөтелсе, түшкірсе вирустар кез келген заттың бетіне жабыса кетеді. Көзге көрінбейтін микро тамшылар жұмсақ жиһазда, төсек-орында, жұмыс үстелінде дамиды. Арнайы залалсыздандырылмаса белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды.
Жоюға бола ма?
Қыс айларында кез келген мекеме, үй іші дезинфекция шараларын жасап отыруы тиіс. Бұл қиын шаруа емес. Бар болғаны дәріханадан «хлоргексидин» ерітіндісін алып, бөлме іші мен еденді жуып шығу керек. Осылайша вирусты жоюға болады.
Аурудың белгісі
Адамның бірден басы ауырып, тамағы қарлығып, жүрегі айнып, аяғы қалтырайды. Осымен тоқтаса мейлі ғой, одан әрі қан тамырларын және ішкі органдарды зақымдайды. Қан тамырларының өте анық байқалатын өзгерістері өкпеде және мида байқалады. Науқас адам ұйықтай алмайды, көзі ілінсе түрлі елестер пайда болып шошиды. Бұл әсіресе жас ағзада жақсы дамитын белгі. Сондықтан жас балалар тұмауратқан кезде жиі шошып, көп жылайды. Келесі нысан – иммундық жүйе. Бұл тұста да аса жоғары белсенділікпен, вирустар тарапынан шабуыл жасалынады. Иммундық қорғаныс та қарап қалмайды. Зиянды бактерияларды жою үшін, күрес алаңына адамның сілекейлі қабықшаларында тұратын пайдалы бактериялар шығарылады. Екі топ арасында нағыз күрес басталады мұндайда. Есесіне, адам тез әлсірейді, терлейді. Дене қызуы көтеріледі. Бұл иммундық жүйенің күресіп жатқандығы. Демек, дене қызуын түсіруге асықпау керек.
Негізгі емі
2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және егде жастағы адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ (ОРВИ) және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалысымен емханаға барып немесе дәрігерді үйге шақыртқан жөн. Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Сондықтан жыл бойы иммундық жүйемізді, ағзамыздың ішкі әскерін әбден шынықтыруымыз керек. Тұмаудан сақтану үшін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға «оксалин» майын жағып алсаңыз тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді. С дәруменін көбірек пайдалануға тырысыңыз. Ол лимонда, апельсин мен мандаринде, таңқурай тосабы мен көк шайда басым. Бұл дәруменді алудың ең тиімді жолы аскорбин қышқылын қабылдау. Ересектер тәулігіне 1 гр қабылдап отырса, иммундық жүйеге үлкен көмек болары сөзсіз.