Таққа таласқан адвокаттар

Бұл шығын Жұмабаев айтқандай бас айналдырар сома емес
Бұл шығын Жұмабаев айтқандай бас айналдырар сома емес
Бұл шығын Жұмабаев айтқандай бас айналдырар сома емес

Оңтүстік Қазақстан облысындағы адвокаттар арасындағы дауға әлі күнге нүкте қойылмай келеді. Белгілі заңгер, адвокаттар алқасына 20 жылдай төрағалық етіп келген Әлиасқар Жұмабаевтың лауазымдық қызметін тоқтату туралы мәселе адвокаттардың жылдық есебін қорытындылау басқосуында талқыланды.

Жер дауы 

Даудың басы Түркістандағы адвокаттар кеңесіне тиесілі жер телімінен басталады. Осыдан екі жыл бұрын ОҚО адвокаттар алқасының бұрынғы төрағасы Әлиасқар Жұмабаев салық жеңілдігі үшін мүлікті өз атына жекешелендіріп алады. Алайда адвокаттар алқасы оның бұл әрекетіне түсіністік таныта қоймады. Олардың ойынша, бұл адвокаттық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бұзу болып саналады. Заңсыз жекешелендіру – адвокаттық этикаға қайшы. Төралқа төрағасының орынбасары Т.Садыбаевтың айтуына қарағанда Жұмабаевтың «алқада ақша жоқ дегені» сылтау ғана. Оның үстіне бұл шығын Жұмабаев айтқандай бас айналдырар сома да емес. Қордағы қаражат бұл төлемді төлеуге жеткілікті болатын, – дейді. Заңгер қауым осыны алға тартып, заң орындарына шағымданып жүріп, өздеріне тиесілі мүлікті қайтарып алады. Жер дауы осымен тәмам болады. Бірақ тақ дауы әлі күнге тараптар арасында талас-тартыс тудырып келеді.

«Абыройымның аяқасты болғанына налимын»

40 жыл заңгерлік салада еңбек еткен, белгілі заңгер Әлиасқар Жұмабаев 2009 жылы ОҚО адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы лауазымынан қудалауға ұшырайды. Өз орнынан заңсыз босатылған Ә.Жұмабаевтың орнына кезінде Ә.Жұмабаевтың оң қолы болып жүрген (төрағаның айтуынша, туған баласындай болып кеткен шәкірті) Талғат Сафаров «ғайыптан түсіп» орнығып алады. Нәтижесінде, сол жылдан бастап Ә.Жұмабаев өз құқығын қорғау мақсатында сотқа шағымданып, басынан талай тауқыметті өткізеді. Ә.Жұмабаев тікелей ҚР Жоғарғы Сотына арызданады. Талапкер Ә.Жұмабаевтың, жауапкер Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының өкілі Т.Садыбаевтың қатысуларымен ашық сот отырысы өтеді. Қаулылардың заңдылықтары жіті қаралып, соңғы нүкте қойылады. Кассациялық сот алқасының 2012 жылғы 26 шілдедегі қаулысының Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының 2012 жылғы 8 маусымдағы қаулысының Ә.Жұмабаевты Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының төралқа төрағасы қызметіне қалдырылған. Жұмабаев үшін әділеттің туы желбірегенімен алқа үшін бұл оңды шешім болған жоқ.

Адвокаттар алқасы 4 жылға тағайындалған төраға лауазымының өткен жылы мерзімі аяқталғанын айтады
Адвокаттар алқасы 4 жылға тағайындалған төраға лауазымының өткен жылы мерзімі аяқталғанын айтады

Адвокаттар алқасы 4 жылға тағайындалған төраға лауазымының өткен жылы мерзімі аяқталғанын айтады. Оның үстіне 2010 жылы Адвокаттар алқасымен қабылданған Жарғыға сәйкес зейнет жасына келгеннен кейін төралқа төрағасының лауазымдық қызметі тоқтатылуы тиіс. Алайда алпысты алқымдап, жетпісті желкелеп тұрса да Әлиасқар мырзаның адвокаттар алқасынан кеткісі жоқ. Оның пайымынша, Жарғыдағы «төраға лауазымының жасы зейнет жасына дейін» деп көрсетілуі де әріптестерінің Жұмабаевқа жорта жасаған әрекеті. Әлиасқар мырза «Бұл қызметке қарап қалғаным жоқ, мен абыройымның аяқасты болғанына налимын. Кезінде өзім жол көрсеткен ізбасарларым өзіме қарсы шабуыл жасап жатыр» деп налиды.

Мақпал РЫСБАЕВА

P.S. Негізінен Әлиасқар Ажекұлы әріптестерінің алдына келіп, жылдық есебін беруі тиіс болатын. Алайда басқосудың өтетінінен хабардар болса да төралқаның басқосуында төраға төбе көрсеткен жоқ. Әріптестері есеп беру былай тұрсын, Жұмабаев мырзаның басқосуды болдырмау үшін барын салғанын айтады. Ал төраға бұл жиналыстың заңсыз екенін айтады. Бұл қарсы тараптың қасақана әрекеті. Себебі, жиналыс басшының бекітуімен ғана жүзеге асуы керек. әл-Фараби аудандық бөлімінде бүгінде адвокаттар алқасының осы басқосуына байланысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Егер заңсыздығы дәлелденсе, ұйымдастырушылар тиісті жазасын алады.

Жалпы, бүгінде облыс көлемінде 300-ден аса адвокат жұмыс істеуде. Ал бұл дау заңгерлер арасына жік салып отыр. Бірі Жұмабаевты жылы орнынан жылжытқысы жоқ, енді бір топ төрағалыққа Т.Сафаровты сай көреді. Не керек, ұстаз бен шәкірт арасындағы тайталас тоқтайтын емес…