Қауіпсіздікті қаперіне де ілмейтін Теміржол маңындағы үйлердің тұрғындары көшірілуі мүмкін.
Қаламыздағы №30 Ораз Жандосов атындағы мектепте өткен кездесуде «Оңтүстік» өңіраралық көлік инспекциясының бастығы Руслан Бексейітов осылай мәлімдеді. Бұлай деуіне соңғы 3 жылда теміржол көлігінен зардап шеккен адамдар санының өсуі болып отыр.
2010 жылы 16 адам поездтың астына түсіп, оның 11-і көз жұмған. 2011 жылы поезд 17 адамды басқан, 12-сі оқиға үстінде бақилық болған. Ал 2012 жылы бұл көрсетікіш ұлғайып, 18 адам жапа шегіп, оның 5-уі ғана аман қалып отыр. Аман қалғандар — қоғамдағы жарымжан және мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарын толықтырған.
Руслан Бексейітов, «Оңтүстік» өңіраралық көлік инспекциясының бастығы: «Негізі біздің құзырымызға кіретіні — темір жол көлігі, автокөлік және су көлігі. Кейінгі кезде теміржол саласында түрлі апаттар орын алып, өмірлерімен қош айтысып жатқандары да бар. Сондықтан мынау теміржолдың маңында тұратын тұрғындарға біздің айтарымыз көп . Мәселен, теміржол маңайында тұру үшін заңдылықтарды сақтау қажет, ал бізде тіпті үйін жақындатып салып алған, есігін ашсаң теміржолға тақасып тұрады. Мұндай заңбұзушылықтар анықталып отыр. Тіпті үйлерінің алдынан өткелдер жасап алыпты. Біз бұндай заңсыздықты бейнекамераға түсірдік, жергілікті әкімдіктерге хатты жолдадық. Жер инспекциясына хат жолдадық. Үйлерді, құрылыстарды, қондырғыларды теміржол аймағындағы нормативке байланысты зонадан алып тастауға. Сондықтан жергілікті тұрғындарды, жергілікті әкімдікпен бірге, білім, оқу-ағарту бастықтарымен бірге және ішкіістер бөлімінің қызметкерлерімен бірге бірлесіп, теміржол саласының қызметкерлерімен бірлесіп, сол ауылда тұрғындардың бәрін жинап, осылай жиналыс өткіземіз, түсіндіреміз. Бұл ескерту, алдын алу! Ал кейбір тұрғындар балаларын теміржолдың арғы жағындағы дүкендерге жұмсайды. Бала бәрібір ол бала ғой. Арғы бетке поезд келе жатқанына қарамастан, одан бұрын өтуге талыпынып, соңы ауыр жағдаймен аяқталып жатқаны кездер де кездеседі. Бұл жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті әкімдерге өтінішпен шығып жатырмыз, дүкеннің орнын ауыстыру туралы. Яғни жолдың бергі бетіне деген сияқты. Сонымен күні кеше ғана анау «Қорғасын-Шымкент» стансасында орын алған оқиға да жас баланың құлағында ән тыңдайтын құрылғының салдарынан болып отыр. Телефонның ән тыңдайтын құрылғысмен ән тыңдап, алаңсыз, поездтың даусын да, сигналын да естімеген. Бұл жағдай алдын да болған еді. Сондықтан да біз осындай теміржолға жақын орналасқан мектептерге келіп түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ережелерді қатаң сақтануға тиіс екендерін айтып жүрміз».
Қаламыздағы №30 Ораз Жандосов атындағы мектептегі кездесу аяқталысымен, мектеп оқушыларынан теміржол турасында қандай ережелер білетіндерін сұрадық.
Жібек Рысқұлбекова, №30 Ораз Жандосов атындағы мектептің оқушысы: «Менің түсінгенім, теміржолдың астынан өтуге болмайды. Поезд жүріп келе жатқанда жақындауға болмайды. Теміржолдан алыс тұру қажет, ол маңда ойнауға, жәй қыдырып жүруге де болмайды. Мен мектебімнің теміржолдың қасында болғанына қорықпаймын. Себеб бізге тәрбие сабақтары көп өтіледі, біз сол сабақтарда теміржолға жоламауды оқимыз. Сондықтан бармаймыз. Қауіпті жер болғандықтан бармауға тырысамыз.
Жәни Есенбек, №30 Ораз Жандосов атындағы мектептің оқушысы: «Теміржолдың ережесі көп екен. мәселен, теміржолдан өтер алдында жан-жаққа мұқият қарап, поезд келетін кезде өзі сигнал береді ғой. Осы дауысты есту арқылы да сақтануға болады. Негізі сол теміржол қауіпті аймақ болған соң, жоламай-ақ қою қажет деп ойлаймын».
Оңтүстікте теміржолда құрбан болған жандардың саны жыл санап артып келеді. Сондықтан, «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді қаперімізде сақтаған жөн. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақталып, жауапты мекемелер айтылған жоспарларын жүзеге асыруы маңызды.