Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

Пернеш Еспенбетова, оқырман:

– Менің қызым Зарина 2010 жылы Утебаев Нурлан Садуақасовичке қолхат арқылы 8000 (сегіз мың) АҚШ долларын берген. Осы уақытқа дейін ешнәрсе алған жоқпыз. Еңбекші аудандық сотына бердік. Сот біздің пайдамызға шешіп берді, сот орындаушылары атындағы бір гаражды осы уақытқа дейін қызымның атына аударып бермей жүр. 2 жылдан асты Утебаев Н.С. әйелі Қонысбекова Гулім екеуі де үйлерін бала-шағасына аударып, қарыз ақшаны қайтармай отыр. Не істеуге болады? Қайда барып арызданамын? Менің үстімнен қорқытты деп жалған айтып, учаскелік инспекторға арыз беріп, қайта-қайта тыныштық бермейді. Осыған жауап беруіңізді сұранамын.

Жауап:

– Менің түсінуімше борышкердің атында тек бір ғана гаражы бар және сот орындаушылармен оған тыйым салынған. Бірақ сот орындаушылар оны қызыңыздың атына аудармаған. Ал гараж бұл жылжымайтын мүлік болып есептелінеді. Яғни гаражды сату үшін немесе Сіздің қызыңыздың атына өткізу үшін оның нарықтық құнын білу қажет.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 39-бабының 2-тармағына сәйкес құрылыстарды бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланыс-ты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс. Сонымен қатар «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда көзделген негiздер бойынша атқарушылық құжаттарды орындау тоқтатыла тұрған, мерзiмi жылжытылған, ұзартылған не кейiнге қалдырылған уақыт атқарушылық iс жүргiзу мерзiмiне кiрмейдi.

Яғни осындай негіздерге байланысты атқарушылық құжаттарды орындау төрт айдан астам уақытқа созылуы мүмкін. Сіздің жағдайда да солай болған деп ойлаймын.

Енді Сіздің негізгі сұрағыңызға көшейік. Сот орындаушылар бір мезетте Сіздің қызыңызға гаражды аударып бере алмайды. Оны аударып беру үшін заңмен белгіленген арнайы тәртіп бар. Басында сот орындаушы гараждың бағалау құнын анықтау қажет, содан кейін оны өткізуге әрекет жасайды (аукцион), ал егер сатылмаған (аукцион өткізілмеген) жағдайда сот орындаушы өндірушіге бөлінген мүлікті өзінде қалдыруға ұсыныс жасауы мүмкін.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңының 85-бабына сәйкес аукцион өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға бастапқы бағасы жиырма пайызға төмендетiлген бағамен мүлiктi өзiнде қалдыру құқығы берiледi.

Яғни гараж жылжымайтын мүлік болғандықтан ол қызыңызға тек аукцион өткізілмеген деп жарияланғаннан кейін ғана өте алады.

Егер Сіз сот орындаушылар тарапынан қызыңыздың құқықтары бұзылған деп санасаңыз, онда Сіз немесе қызыңыз прокуратураға, Әділет министрлігіне немесе сотқа арыз тапсырып сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдана аласыз.

Екінші сұрағыныз бойынша, борышкердің полицияға түсірген арызына сәйкес полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуге міндетті. Егер тексеру нәтижелері бойынша Сіздердің әрекеттеріңізде қылмыстың немесе әкімшілік құқықбұзушылықтың белгілері болмаса және арызда көрсетілген уәждер дәлелденбесе немесе анықталмаса, онда Сіз жалған арыз берген азаматтың үстінен жала жапқаны үшін немесе көрінеу жалған сөз жеткізгені үшін дәл сол полицияға арыз тапсыра аласыз.