Шымкентте алғаш рет талантты бүлдіршіндердің басын қосқан республикалық «Жұлдызды жол» балалар шығармашылығының фестиваль-конкурсы өтті. Халықаралық байқауларда бағын сынап, еліміздің атын шығаратын өнерлілерді іздестіріп, оларға жол ашуды көздейтін конкурсқа Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды облыстарымен қоса еліміздің өзге де өңірлерінен қатысты.
«Біз осындай жоғары дәрежелі байқауларда жаңа есімдерді тауып, олардың бір- бірімен достасуына ықпал етеміз, ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, балдырғандардың уақыттарын тиімді пайдалануына мүмкіндік береміз. Ал байқаудың атын әдейі «Жұлдызды жол» деп атадық. Өйткені қандай да бір дәрежеге жету баспалдақты бағындырудан басталады. Қаншама жолды артқа қалдырады. Сондықтан жұлдызға жол салынсын деген ойымыз болды»,- дейді ұйымдастырушы Роза Әміреқызы.
Конкурс бес номинация бойынша, мәнерлеп оқу, дәстүрлі және эстарадылық жанрда ән орындау, хареография, түрлі аспапта ойнау сынды бағыттар бойынша өтті. Ал қатысқан 120 үміткердің жас ерекшелігі 6-12 жас аралығында.
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласынан келген «Сымбат» би тобы да жолдың алыстығы мен күн райының қолайсыздығына қарамастан байқауға ерекше дайындалыпты. Құрылғанына бес жылдың жүзі болған топ мүшелері сайыста қазылар алқасының көңілінен шыққан.
Айта өтейік қазылар алқасы да Астана мен Алматыдан арнайы шақыртылған өнер майталмандарынан құралған. Оның ішінде әнші Майра Ілиясова да бар.
Жарыстың қорытындысы бойынша дстүрлі ән айтудан бас жүлдені Созақ ауданынын келген Еламан Маратов иеленсе, шымкенттік Дана Майдан би номинациясы бойынша «Томирис» биін билеп үздік ден танылды. Ұйымдастырушының айтуынша, жеңімпаздар көктемде Астана қаласында өтетін халықыралық балалар байқауында бақтарын сынайтын болады.