Кешегі аптада Шымкентке ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров келіп кетті. Жай келген жоқ. Жан-жағында өндіріс орындары бой көтерген облыс орталығының экологиялық жағдайын көзбен көріп, бағамдап кетті.
Бұл не үшін керек? Айтайық. Елбасы Н.Назарбаев «РИО+20» Дүниежүзiлiк саммитiнде «Жасыл даму» идеясын ұсынғаны мәлім. Әлем көз тіккен осы бір игі бастама негізінде бүкiл жаһандық экологиялық тазалықты қалыптастыруды көздейтiн Тұрақты энергетика тұжырымдамасы бекітілді.
Адам денсаулығына кепiлдiктердiң бiрiнен саналатын бұл жобаны Қазақстанда қолға алу мақсатында мемлекет басшысы 2012 жылғы қарашада үкiметке «Жасыл экономикаға» көшу стратегиясын дайындауды тапсырған-ды. Маңызды құжатты дайындау алдын аймақтардағы жағдаймен танысу парыз. Әрине, министр мырза арнайы ат басын бұрған «Стандарт-цемент» зауытынан қоршаған ортаға аса үлкен зиян келіп жатпағанымен, Шымкенттің қақ ортасында қалған қорғасын зауытынан шыққан қалдықтың зияны біраз мәселеге арқау болып отырғаны анық.
Қорғасын зауыт аймағында тұратындардың мәселесі облыс асып, республика көлемінде талқыға салынғалы қашан. Қарағандыдан арнайы дәрігерлер десанты келіп, осы аймақта тұратындардың ағзасынан сынама алып та кеткен. Министр Нұрлан Қаппаровтың атына да шымкенттік кәсіпорынның зияны жайлы хат жазушылар аз емес көрінеді. Зауытты қала сыртына көшіру мәселесі соңғы жылы бірнеше рет көтерілгенімен жүзеге аса қоймауда.
Дегенмен, зауытты қала сыртына шығарып, қалдықтарды залалсыздандыру жұмысы оңай шаруа еместігі анық. Оның үстіне бұлай етуге табандап тұрып қарсылық танытушылар да бар. Ол «Южполиметал» АҚ-ның басшысы Тұрсынбек Асанбаев бастаған ат төбеліндей топ. Таудай болған қорғасын қалдықтарын залалсыздандырумен кім айналысуы керек? Тал басын тербер сәл самал соқса болды «Қазығұрт» шағынауданының тұрғындары көз аша алмай қалатын қорғасынның қалдықтарын кім көмуі қажет? Дау дәл осы жерден басталады. «Южполиметалл» АҚ-ның басшысы «менің оған күшім жетпейді. Оның үстіне қалдық жатқан жер мемлекеттікі, керек болса мемлекет тазалап алсын» десе, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, бұл қалдықтың иесі «Южполиметалл» АҚ екенін алға тартып, өз қалдығын өздері залалсыздандыруы керек дейді.
Екі басшының дәл қазір бір мәмілеге келе қоймасын аңғарған министр мырза Астанаға барып, бұл мәселені сол жақта отырып шешуге уәде етіп кетті.
Айтпақшы, қорғасын қалдығын өңдейтін зауыт салу идеясы да бірнеше рет көтерілгені бар. Ол жағы қалай болмақ? Бұған да әл-әзір нақты жауап жоқ. Айта кетейік, қорғасын зауытынан шыққан қалдық 21 га аумақты алып жатыр.
Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі
– Астанада бұл мәселеге орай қайтадан алқалы жиын өткізіп, мәселені шешу жолдарын қайта қарау керек. Ең негізгі мәселе зауытты жабамыз ба, жаппаймыз ба? Нақты бір шешім жасалуы керек деп ойлаймын.